Тегін
Тамаша жыл - The Big Year

#100. Жүзге дейін санашы

Қолданбадан тыңдау
Сонымен жүзінші эпизод. Не үйрендім? Не түйдім?

Біріншіден подкастты жазуды бастағаныма, тоқтамағаныма өкінбеймін. Қуанамын, мақтанамын. Бес алты ай үзіліс жасағаннан кейін, қоштасу эпизодын жазып, бәрін бітіремін деп ойлаған кездерім де болды. Тіпті ол эпизодқа текст те жазып қойыппын. Қолым тимегендіктен, ол эпизод жарыққа шықпапты. Солай болып шыққаны дұрыс болды деп ойлаймын. Себебі дәл қазір жүзінші эпизодты жазып, сіздің оны тыңдап отырғаныңызбен шексіз мақтанамын.

Екіншіден, күнделікті қарапайым өмір бізді кішкентай әсер аймағымен шектейді. Ал подкаст арқылы қазақ тілін түсінетін әлемнің төртбұрышындағы сіздермен байланыса алатынымды түсіндім. Бір бөлменің бұрышында кішкентай ғана микрофонмен жазылған ақпарат әлемді шарлап, сіздің құлағыңызға жетуі таңғажайып емес пе?

Үш жыл көзді ашып жұмғанша өтіп кеткеніне қарамастан, әр күннен, айдан, жылдан белгілердің қалғанын және әр эпизодқа қарап, өзімнің не сезінгенімді еске түсіремін. Әр тақырып нарықтың талабымен емес, ойландырған тақырыптардың айналасында болғандықтан, барлығы мен үшін жылы. Кейде тіпті ойды ой қуып, өзім күтпеген тақырыптарға кезіккен де жағдайлар бар.

Подкастты бастағанда ойым жүйесіз, әр тақырып бойынша айтарым аз болып көрінетін. Алайда подкасттың арқасында ойым жүйелене түсті, кемелдене түстім, ол тіпті қазіргі дауыс интонациямнан байқалатын болар. Өздеріңіз бағалайсыздар ғой, оны?!

Мұның бәрін не үшін айтып жатырмын дейсіз бе? Себебі мені тыңдап тұрған сіздің жүрегіңіз қалаған істі, хоббиіңізді тастамай, алып жүргеніңізді қалаймын. Көзіңізді жұмып ойлағанда, өзіңізді қалай елестетесіз? Немесе кейде осындай болғанымда деп ойлап қоятын, бірақ бастамайтын ісіңіз бар ма? Сол істерді күттірмей, өзіңіз қалаған әлемге бір қадам басуға “иә” деп жауап берсеңіз қалай? Суперқаһарман міне мұрныңыздың астында, ол - сізсіз. Өзіңіз білетін ең мықты, ең батыл адам болыңыз. Өзіңіздің қаһарманыңыз бол.

Уақыт қалайда өте береді. Оның тоқтамай, тыныш бізді күтіп тұратын сәті болмайды. Жүрегіңіз қалаған істі істеуге асығыңыз. Ол іс сізге шаттық пен қуаныш, өміріңізге мән сыйласа қандай тамаша. Ал бұл ол ары қарай өзіңізге ғана емес, басқалардың өміріне де мән сыйласа, өмірлерін жақсартса, қандай тамаша …

Подкаст ары қарай не болады десеңіз, подкаст өзінің бастапқы миссиясын жалғастырып, қосымша даму құралын болғанын қалаймын. Енді эпизодтың сапасы мен берілетін ақпарат көлеміне көбірек көңіл бөлетін боламын.

Бұл подкастқа үлес қосып, көмек беремін десеңіз, Тамаша жыл подкастының мүшесіне де айнала аласыз. Ол үшін salem@talshyn.com-ға немесе инстаграмда  хат жазсаңыз жеткілікті. Маған тақырып анықтау, интервью алу, жазу, өңдеу, тарату, SMM бойынша көмек немесе кеңестер қажет.

Осы жылдар бойы берген пікірлеріңіз маған шабыт берді, ал кейбір хаттар менің көңілімді босатып жіберетін. Осы жылдар бойы тыңдап, достарыңызбен бөліскеніңізге, медиада айтып, көпшіліктің назарына ұсынғандарыңызға, жылы хабарламаларыңызға шексіз, шексіз алғыс.

Подкаст жалғасады. Жүзге дейін емес, мыңға дейін де санағанымды қалаймын, армандаймын.

Ізгі ниетпен және сүйіспеншілікпен,

Талшын
0:07:02

Пікірлер

    Кітап қалай екен?

    Кіру немесе тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды