pon4ik0143has quoted7 years ago
Роман
Есіл ерлер! Сендерге Алатаудай ескерткіш орнатса да лайық...
Онымен де орындарың талмайды... "Талапты" ауылынан қан
Автор
I
Арай бүгін ала сиырды жаңа түскен келініне сауғызды. Шашағы кере қарыс қыжым орамал бүркенген келін екі күн бойы шымылдық ішінде отырып еді, бүгін енесі оны ерте тұрғызып, тұңғыш рет үй шаруасына қосты.
– Сиыр сау, келін. Өз малыңа ие бол енді, - деді.
Арайдың арманы көп еді. Көбелек қуған баладай көп жүгірді.
Біреуіне жетті, біреуі жеткізбеді. Әсіресе аңсағаны - келін түсіру еді. Дәл бір өзі қайта жасарып, жас келін дәуренін өзі бастан қайта өткерердей күтті ғой бұл күнді. Ауылдас абысыны Зергүл:
– Әй, байғұс, сенде де арман бар ма. Бейнеттен босап жаның кіріп қалды-ау. Біздің Туған бір шүйкебас тауып, мен келін түсірер де күн бар ма екен! - деп күрсініп кетті. - «Рең -басы да түлкінің баласындай сүп-сүйкімді екен. Бізге қандайы жолығады?»
Ала сиырдың бауырына имене барып отырған Тотияға Арай:
– И - и, айналайын, аяғын құтты болсын, мал-жаның көп болсын, - деп күбірледі. Таңғы самал тисе жасаурай беретін көзін кимешегінің омырауымен сүртті. Кім біледі, бұл жолы оның көзінен тамшы шығарған самал жел де емес шығар.
Жас келінге бәрі сын. Емшегін өзінің бұзауы еміп жатқанын, яки Арай сауып отырғанын кейде аңғармай қалатын ада сиыр бұл жолы: «Мынау кім?» дегендей Тотияға алара бір қарап, тұяқтарын сырт-сырт сілкіп, артқы аяғын көтеріңкіреп қойды. Тек, Арай «әу кемдеп» мойнын қасығанда ғана, көзін жұмып, түйіліңкіреп тұрып, қайтадан күйіс алды. Сәрсенбінің базарына жиналған атасы Мамай есек ерттеп жатып, көзінің қиығымен келініне қарап-қарап қойды. «Олақ неме емес пе екен?» Тотия өзіне біреу қарап тұрғанын сезгендей, қиғаштай бұрылып атасын көрді. Жымиып күлді. Атасы тез теріс айналды. «Дені дұрыс па өзінің?»
Тотияның күлімдей салатын әдеті еді. Ал мына таңда қызыл шырайлы домалақ беті ерекше бал-бұл жайнайды. Өте піскен шиедей күрең қызыл қалың еріні бүлкілдеп тұрған сияқты. Бақыт деген бар болса, соны Тотия қолымен ұстап көргендей.
Ал Орақ сыр бермеуге тырысты. Әкесіне тартқан тоң, қуанышы да, реніші де ішінде жүретін жігіт қой, ешкімге қарамай, қорбаңдап қақпадан шыға бермек еді, сиыр сауып отырған келіншегі:
– Орақ! - деді.
Орақ жалт қарады. Тотия ақсия күлді. Жігіт оны бас салып құшақтап сүйгісі келіп кетті. «Апырау, түнде түні бойы сүйіп, аймалай берсемші, қара басып ірге жаққа қарап жатып ұйықтап қалғаным қалай», - деді ішінен.
– Орақ, бұзауды ағытып жіберші, - деді Тотия.
Орақ қысылса да, келіншегінің сөзін қимады. Бұзауды босатып, енесінің бауырына салды. Келіншегіне қарады. Тотия оған қарады. Бірін-бірі жана көргендей.
Орақ келіншегінің қиықша қой көзін, қара қасын, тәмпіштеу мұрнын, қызылы қою, қоңырқай томпақ бетін, шиедей дөңгелек қалың ернін көрді. Түнде сол еріннен сүйгені есіне түсіп, тұла бойы лап ете қалды.
Тотия күйеуінің шот маңдайындағы жалғыз сызықты, оң көзіндегі қоңыр қалды, үлкен мұрның қалың қара мұртын көрді. Сол мұрттың түнде тамағын қытықтағаны есіне түсіп кетіп, күліп жіберді.
Таңның атқанын қаламайтын адамдар да болады. Олардың жан дүниесін түсіну қиын. Таң жаңа ғана атса да, келін ел ұйқыға кеткен түнді сағынып қалғандай еді.
Жаңа қосылған күйеу мен келіншек бір-біріне бұзаулы сиырдың қасында тұрып тағы қарады. Бұзау енесін идіріп әбден қақтап еміп қойғаны сонша, сиыр желіні ақжемденіп кетті.
Үйден самауыр алып шыққан Арай қалт тұра қалды.
– Айналайын, келін - ау, бұзау қақтап еміп қойыпты ғой, - деді.
Тотия екі беті ду етіп, шапшып барып бұзауға жармасты. Томпиған бұзаудың тәмпек тұмсығына дейін ақ көбік саумал сүт сасиды. Орақ артына бұрылып қарай алмай, ауладан атып шықты.
Тотия сөйтіп алғашқы күні сиырды емізіп алды. Бір үйлі жан ақтан қағылды.
Кемпірдің ойына залым ой жүгірсе де, жаманға жорығысы келмеді. Бар ашуын бұзаудан алып, қазыққа тұқыртып байлады да, сиырды бас жібімен санынан сабап - сабап ауладан айдап шығып падаға қосты. Ала сиыр кемпірдің ұрғанын елең қылмай басын сарт қайырып тұра қалып, тікенек тілімен өзінің шоқтығын жалады. Сонан соң: «Қарның ашпайды енді» дегендей бұзауына қарап бір мөңіреп қойды.
Сайдың арғы бетінен құмыра ұстаған қыз жүгіріп келе жатыр екен.
– «Иә, сүт тапсаң аларсың», - деді Арай. Қыз лезде бергі бетке еліктің лағындай ойнап шықты.
– Сәламатсыз ба, апай, - деді. - Мамам сүтке жіберді.
«Осылардың өзгешесі - ай, біздің ауылдың адамдарына ұқсамайды, жібектей есіліп тұрады, беті бәйшешектей, көзінің мойылдайын қарашы», - деді ішінен Арай, тұлымына лента байлаған қызға қарап.
– Бүгін бұзау еміп қойыпты, айналайын кішкене құдаша, сүт жоқ, - деді.
– А – а - а... Бұзау еміп қойған екен ғой... Нұрперзент тұрды ма? - деді қыз сасқанынан, құмырасын арқасына жасырып.
– Кім біледі қыршынды, сиыр да сауыспайды, - деді Арай.
Шытыр мен көккекіренің иісі аңқыды. Анадайда ат косилкамен пішен шапқандар көрінеді.
Қыз Жамбыл жақтан өткен күзде көшіп келген ерлі-зайыпты мұғалімдердің баласы еді. Олар Арайдан күнде таңертең бір тостаған сүт алып тұратын.
– А – а - а, бұзау еміп қойған екен ғой, - деді «кішкентай құдаша».
***
Көрікбасқыш Әлім майда көмірді суға шылап, Ораққа қарап біраз тұрды.
– Келдің бе - ей! - деді Орақтың келгені бір керемет ерлік болғандай - ақ.
Орақ үндеген жоқ. Алдына тері белдемшесін байлап, бұрыштағы темір үйіндісін ақтара бастады. «Астық таситын кез таяп келеді. Арбалардың дөңгелегін құрсаулау керек. Аттарға таға соқ», - деп еді бригадир.
Әлім ешкі көзі ежірейіп, көрік басып отыр. Қарамай мен ыс басқан көрік бір жиырылып, бір қампиып, жануарша пыс-пыс етеді. Пештің көмейіндегі кемір бықсиды. Төбедегі қап-қара ыс қармаған қамыстан сүңгілер салбырайды. Пештің кең кернейінен жел уілдеп, шұбалаңдаған сүңгілерді тербейді.
– Інішек, келін қалай? - деді Әлім. Көсе иегіндегі төрт-бес тал сақал да жауап күткендей селтие қалды.
– Ой, Әлеке - ай, сізге не жоқ? - деді Орақ. - Ұялмайсыз ба, келініңізде неңіз бар?!
Әлім оның не айтқанын есітпейді, тек тұспалдайды.
– Әшейін, ойнап айтамын - ей. Өзің кісі бола қапсын ғой.
Әлім көрікті тарамыс қолымен қатты-қатты басты. Суға шыланған көмірдің арасынан шырайланып от көрінді. Осы бір сәт оған ләззат ала келуші еді. Бықсыған көмірдің арасынан алаулап от көрінген сәт. Сөзін сол отқа арнағандай:
– Қызталақ, сен де кісі болдың-ау, - деді.
Отқа салған құрсау темір қызара түсті. Сұп-сұр суық темірдің қызарып піскені саңырау шалға ұдайы ұнаушы еді. Ол оттың құдіретіне сүйсінуден жалыққан емес. Шынында от емес, екі шақпақтасты бір-біріне соғып тұңғыш рет ұшқын шығарған бабамыз құдіретті ғой. Айналасындағы адамдардың сөзін аңдамай, әңгімеге араласпай, сағаттар бойы көрік басып, жайнаған шоқтан, балқыған темірден ежірек көзін алмай отыратын осы шал сол ұлы бабамен үнсіз сөйлесетін сияқты еді.
Олар күн қызбай жатып, екі дөңгелек құрсаулап тастады. Қой қора жаққа қарай шөп тиеген сатылы арбалар өтті. Дүкенге Зергүл апай келді. Әлім шалмен:
– Амансың ба, жазған? - деп айқайлап амандасты.
– Қайран Зергүл, мені сағынып қалдың ба? - деді Әлім кәдімгідей қоқиланып.
Зергүл апайдың марқұм шалы - Жұмабай Әлімнің құрдасы еді, қалжыңдаса береді.
– О, жазған, саған қарап жүрмін ғой, - деді апай да құйқылжыта айқайлап.
– Мойны қисық керең шалды неғыласың, Тұтан өсті ғой, келін түсірмейсің бе? Міне, жаман Орақта отау тігіп кісі болды, - деді Әлім.
– Қайдам, қандай адам жолығатынын, әлі ойында ештеңе жоқ, әне бір қу домбырасын құшақтап қияли боп кетті ме деп қорқамын.
Әлім құлағын Зергүлдің аузына тосып әрең естіді.
Зергүлді арқасынан қағып:
– О, онда болды дей бер. Қолынан домбыра түспейді дейсің бе? Онда болды дей бер. Кешікпей келін түсіресің. Балаң ашық шығар.
– Қой әрі, ол Мәжнүн бе еді ашық болатын. - Зергүл ернін шығарды.
– Е, оның не мәжнүндігі бар, марқұм Жұмекеңе өзің де ашық болмап па ең? Тұтан жігіт болды. Бүгінгінің жастарына бостандық. Алады да біреуді таңдап жүріп.
– Айтқаның келсін, аузыңа ақ май, жазған - ау, соның рас болса, маған бір көсеу соғып берші, көсеуі құрғырды әлгі Кенжегүл кемпірдің кебенек келгір шыбышын ұрам деп сындырып алдым. Айналайындар - ау, қадаған шыбықты кеміріп жеп қоймайды. Көп жасағыр, әдемілеп, ұсталығыңды салып, соғып бер. Құда қаласа, келінің ұстасын.
Зергүл арызын айтып тұрғанда Орақ пен Әлім тағы бір дөңгелекті құрсаулап тастады.
Осы кезде шұбар тауықтың шарылдаған жан даусы шықты. Орақтың інісі - Нұрперзент айқай салды. Орақ дүкеннен жүгіріп шығып, балапан ілген қарақұсты көрді. Дүкеннің ыс қабырғасында баяғыдан бері ілулі тұрған жалғыз ауыз ескі мылтықты алып үлгергенше қарақшы биіктеп кетті. Сөйтсе де мылтық гүрс етті. Қарақұс кенет жел шайқағандай бір жағына оқыс құлап барып, қайта түзеліп, ұзап
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)