Сымбат Ахметхановаhas quoted7 years ago
Қой, — деді біреулер, — түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісің. Ел ғой, біреу табылар.
— Әй, кім білсін!..
Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ.
Әдетте «Арғын аға баласың» деп, аста, тойда бас балуан шығаруды ел Арғынға ұсынатын. Бірақ бұл жолы Арғынға жол тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді.
Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. Тойда, аста олар бірге отырады.
Асқа жиналған жұрт етін жеп, қымызын ішкеннен кейін, біреу құрықтың басына екі кез қызыл матаны байлап, «ат шабар! ат шабар!» лап, Көксеңгірдің Көктөбесінің биігіне шаба жөнелді. Арбалылар да, салттылар да, жаяулар да соның соңынан шұбап, қыртысы қалың, жасыл көделі жердің шаңдағын аспанға шығарды. Қою шаңнан тұман басқан жер беті буалдырланып кетті. Көп кешікпей, құмырысқадай құжынаған жұрт, үлкен қара жолды ортаға ала, екі жарылып отырды. Жолдың бір жақ бетінде — Қыпшақ, екінші жақ бетінде — Керей мен Уақ; Арғын асқа жиналған жұртқа қызмет етті.
— Кем болса жиырма мың халық бар шығар, — десті көпшілікті көзімен шолғандар.
Әдетте күрестен бұрын бәйгінің аты кетеді. Асқа жиналған мыңға жақын жүйріктен іріктеліп кеп үш жүздей ғана ат бәйгіге қосылатын болды, себебі — әр елден озып келген жүйріктің иелері: бағын сынау үшін аттарын «Көксеңгірдің Көктөбесінен» елу шақырым жердегі Сілеті өзенінен жіберуді тілек етті. Сол тілек орындалып, Сілетіден ертең ертемен жіберетін боп, қоналқаға аттарды шабарман айдады. Жиын жұрт бүгінгі мәжілісті балуан күрестіру қызығымен өткізбек болды.
Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген Қыпшақ «Түйе балуанын» шешіндірді. Түйе балуан күресерде қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шалбар киіп, ышқырына қайыс белбеу өткізіп, белін тас қып буады екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн шекпенін жамылып отырып, күресерде оны сыпырып тастайды екен.
Сол әдетін істеп, түйе балуан қара жолдың жиегіне кеп отырады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді — «Түйе балуан»ға еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды.
— Кәне, қайсың шығасың!—деп Керей, Уақ дәмелі балуандарының бәріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді. Керейдің ішінде: сегіз оязға аға - сұлтан болған Сағынайдың «Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр.
Түйе балуанмен күресер адам Керейден шықпағанына Нұрмағамбет ызаланып:
— Баяғыдан бері Керей, Уақ қатын алған жоқ па ең? Сенен ұл туған жоқ па еді? Ер тумай, жер туып па еді? «Елмін» деп неге айтатын ең, өзіңді? — деп ақырды.
Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сары сұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды. Нұрмағамбет «Бұл кім?» дегендей жас жігітті көзімен шолып еді: ақ ботаның түбітінен тоқыған, қарала батсайымен өңірін, етегін әдіптеп, жағасына төрт елідей құндыз ұстаған қынама бел қамзолы бар жасыл жібекпен тыстаған, оң жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра, жөкей тымағы бар, аяғында кебісін күміс шегемен әлеміштеп, желкесін көк сауырлатқан, өкшесі биік «Қосай - қолашы11» бар.
Нұрмағамбет «Паңмен» үйде де, түзде де өзі ұлықсат етпей ешкім амандаспайтын еді. Мына жігіттің екпіндеп кеп қол беруі оған ұнамады.
— Кім баласысың?—деді, ол семіз бетін тыржита қарап.
— Әкемнің аты Баймырза, — деді жігіт екілене сөйлеп, — өз атым Сіздің атыңыз сияқты — Нұрмағамбет.
— «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, — деді Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, — атың жақсы екен. Қай елсің?
— Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім Үйсін. Абылай ханның заманында атам батырлықпен ерігіп кеп, Керейден қатын алып тұрып қалған екен. Содан тараған төрт - бес үй бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата!—деді Нұрмағамбет сөйлегісі келген паң Нұрмағамбетті кимелеп, — рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі — өз жұрты, біреуі — қайын жұрты, біреуі — нағашысы»— деп еді. Задым Үйсін болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласымын.
Паң Нұрмағамбет, жігітке жауап берудің орнына айнала қарап еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді.
— Бар, — деді Паң.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)