– Лагерьге жолдама беріңізші маған. – Саған бұл жолы жолдама берілмейді. Екінші кезекте барасың. – Неге? – Неге болушы еді: барлық оқушыға бірден жетіспейді. Ал екіншіден, ең әуелі біз лагерьге үлгілі, тәртіпті оқушыларды жібереміз. – Жантас немене... менен артық болғаны ма? Майқанова екі бүйірінен біреу қысып қалғандай еңсесін кілт көтеріп алды: – Сен немене? Мені тергегелі тұрсың ба? Майқанованың көкшіл көзі шатынай бастады. Оның бір ашуланса шапылдап, жуық арада толас бермейтінін білем. – Бермесеңіз, қойыңыз, – дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім. Осындай әділетсіздікке қаның қалай ғана қайнамайды. Жантас, біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шыққанда көрінгенге құлақ түргіш. Жантас үлгілі оқушы болғаны да, мен үлгісіз болғаным. Менің сабақ үлгеруім одан көш ілгері екені, екпінділігім ешқандай есеп емес. Соңымнан ілесе шықты Майқанова: – Қадыров. Бері кел. Мен бұрылып та қарамадым. – Қадыров! Есіктен жүгіріп шығып кеттім. Турникке сүйеніп, жылмия қарап Жантас тұр. Зығырданым одан бетер қайнап кетті. – Немене, жолдама алдың ба? – деп сиқырланып жолымды тосқауылдай қалыпты. – Алдым, – дедім. – Кәне, көрсетші? Сарт еткізіп танаудан тағы бірді шерттім. – Міне. Түстен кейін төсегімде демалып жатып, ойға қалдым: бағана Майқановаға істегенім тұрпайылық болды-ау, деймін. Әрине, Жантасқа жолдама беріп, маған бермеген онікі де әділдік емес. Ызамды осы келтірді. Дегенмен Майқанова мұғалім, класс жетекшісі. Жә, қазір оқу кезі емес қой, каникул. Ол