inabathas quoted12 years ago
әрекеттенер. Бірақ, мен қасық қаным қалғанша онымен алысуға әзірмін. Әне, жау танктері зәулім ағаштарды шөптей ұмтылып келеді. Мен бір бұтаның түбінде танк бұзатын гранаталарды қасыма ыңғайлап қойып, аңдып жатырмын. Алғашқы танк құлаш жетер жерге келіп те қалды. Орнымнан көтеріле беріп, лақтырдым гранатаны. Дәл тиді маңдайдан. Жарылды. Екінші, үшінші танктер де осының аяғын құшты. Басқыншы жау қия баса алмай, жер жастанды. Мен армиядан батыр атанып, орден тағып келе жатырмын. Көпір аузында шоқ-шоқ гүл бумаларын ұстаған нөпір жұрт жолымды тосып тұр. Солардың ішінен көзіме оттай басылып, Жанар ұшырай кетеді. Аңсап көріскен Қозы мен Баяндай бір-бірімізге құшақ жая ұмтыламыз. – Жанар! – Қожа! Мектеп директоры Ахметов бастаған бір топ мұғалім қасыма келеді. «Жарайсың, Қожа. Жігіт-ақ екенсің. Біз сенің мұндай ержүректігіңді білмей, баяғыда бекер ұрсады екенбіз ғой. Кешір», – дейді Ахметов. «Иә, талқыдан талқыға сап, күн көрсетпеуші едіңіздер, – деймін мен. – Әсіресе әлгі Майқанова апай...» Майқанова маған батып келе алмай, бір шетке таман ыңғайсызданып тұрады. «Сіз неге оқшауланып тұрсыз, бері таман келіңіз» деймін. Ол қалтырай басып, жақындай түседі. «Кешір, Қожа... Баяғыда мен саған пионер лагеріне жолдама бермегенімді ұмытпаған боларсың». «Иә, ұмытқаным жоқ». «Кешір, кешір айналайын, Қожатай». Кешіремін бе, қайтем? Жоқ, өзгені кешірсем де, Майқановаға кешірмеймін. Өйткені оның ызасы әбден өтіп бітті. Ахметовты оңаша шығарып алам да «Майқанованы шығарыңыз мұғалімдіктен», – деймін. Сонымен бітіп жатыр. Совет Одағы Батырының айтқанын Ахметов орындамай көрсін. Ех, шіркін ұшқыр қиял адамға не істетпейді.
  • unavailable
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)