Жулдыз Талгатовнаhas quoted7 years ago
А н а. Оны кісінің көңілі біледі. (Сондықтан ескі қуыршақты алып.) Мынаны енді қолыңа алмассың. Айғаншаның қызына апарып бере ғой. Жоқ-жітік адамдар ұсақ-түйекке де тапшы.
Л ә з з а т қуыршақты қолына алып кете береді. Сахна айналады. Енді Ләззаттың қарсы алдынан құрбы жігіт Қуантай келе жатыр.
Қ у а н т а й. Ләззат, бүгін ауыл сыртына алтыбақан құрғалы жатырмыз. Келесің ғой? (Ләззат үндей қоймайды.) Мынау қолыңдағың не? Өзің дырдай болып қуыршақ ойнап жүргеннен саумысың?
Л ә з з а т. Қуантай, сен бүгін қырға шығып көрдің бе?
Қ у а н т а й. Мана фермаға барын келгенмін.
Л ә з з а т. Дала бүгін ғажап емес не? Рас қой, ә?
Қ у а н т а й. Несі ғажап?
Л ә з з а т. Қызғалдақ, жусан... Дала бусанып тұр.
Қ у а н т а й. Өзің не айтып турсың, Ләззат. Мен қызғалдақ пен жусан көрмеппін бе?
Л ә з з а т. Жоқ, сен даланың ән салғанын көрдің бе? Даланың... Әуенін естідің бе?
Қ у а н т а й. Не дейді?.. Өзің әуейі боп кеткенсің бе? Ха-ха-ха... Қой, кешке алтыбақанға кел... Даланың ән салғаны... хе-хе-хе... (Шығады.)
Л ә з з а т (жалғыз). Сен түк түсінбейсің, студент болсаң да түк көрмейтін соқырсың... (Қуыршақты байқаусыз кеудесіне қысып алған екен, енді соған қарап.) Енді сен де түк түсінбейсің. Мылқаусың. (Ойланып қалады. Өзі де байқамай, ақырын күбірлеп елең оқиды.)
Қызғалдақ қуып құмардан
Шығатын болдық құрбым-ау.
Далаға бүгін нұр жауған,
Нұр жамылған қыр мынау.
Білмедім қанбас сыр ма бұл,
Жазылмай қалған жыр ма бір...
Қараңғыланады: Келесі сахна — студенттер жатақханасы бөлмесінің бір бұрышы. Ләззат столда жазып отыр. Көзілдірікті, кішкентай арық қыз Салиха кітап оқып жатыр. Ләззат ойланып қалған, өзі де сезбей шынашағымен столды тықылдатады
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)