Арайка Талгатовнаhas quoted7 years ago
Роман
БІРІНШІ БӨЛІМ
1
Жылқы кісінейді. Қара дауылда дүрліге шапқан қалың жылқының шошынып шыңғыра кісінеген даусы келеді құлағыма. Алды апан ба, ор ма, өн бойын үрей билеп алған жануарлар опыр-топыр орғып, шыңғырып кісінеп барады. Менің бойымды да қалтыратқан жаман үрей бар. Қалың тұяқтың дүрсілінен жер селкілдейді. Жылқыларды анық көре алмаймын, жүн қаптап қойғандай қою күңгірт, қара қожалақ аспанның реңкінде едірейген құлақтары мен төгіліп толқып бара жатқан жал құйрықтарының бедерін ғана аңғарамын. Таудан құлаған тасқын сияқты ұмар-жұмар толқын болып ағып барады. Ағыза шапқан айғырлардың алқына шыңғырып кісінеген айқайы шабыстарынан озып, ұзап алысқа кетіп жоғалады. Құлағымда тек тұяқ дүрсілі қалады. Мен де алқынып, шайқалып жылқы толқынының арқасында келемін. Өн бойымда үрей бар. Еміс-еміс есіме келеді, осы үрей қазір ғана лап еткен жоқ. Мына жөңкіле шапқан қалың жылқының зәреңді ұшырған тұяқ дүрсілінен бұрын тұла бойымды жайлап алған. Бірден ол үрейдің қайдан, неден келгенін ұмытып қалыппын. Қазіргісі тек ажалдан үркіп, әңгіріп жөңкіп бара жатқан көп жылқымен қоса бір жерде омақата құлаймын ба деген қорқыныш. Бірде шабыс бәсеңдеп тұяқ дүрсілі әлсірегендей болды. Бураның шудасындай бұйраланып, жердің еңсесін басып тастаған қою қара аспанды жыртып шыңғырған дауыс естіледі. Дауыс өзгеріп, анықталып келеді. Шұбалта созып, шыңғыра айқайлаған паровоз екен. Қалың жылқы көз алдымнан ғайып болды. Паровоздың айқайлағаны, жылқының шыңғыра кісінегеніне ұқсайды екен — ау. Төменгі жақтан көрінбейтін доңғалақтар дүрс-дүрс етіп вагон теңселіп келеді. Басымды желкеме қайырып тартқандай мойыным қарысып ауырып қалыпты. Сірә бірінің астында қалса керек Біреудің бөксесі бүйірімнен сығып, ішімді ауыртып жіберген. Бұрымымды босатып алып жөнделіп жаттым. Бүйірім де кішкене солқылдап ауырып барып, шым-шымдап басылып балбырап, ұйқылы-ояу тәнім балбырап тынышталып келеді. Тәніммен бірге, барлық, қорқыныш пен үрей, дүрлігіс — дүрбелең артта қалғанын, үлкен қатерден құтылғанын сезген көңілім де жайбарақат тыныштыққа беріліп, ұйқылы-ояу манаураған күйі, арадағы үрейді аттап өтіп, алдыңғы күнгі тәтті елесті көз алдыма әкеле жатыр.
* * *
Онда қуанып оянып едім. Әлі до арылып болмаған тәтті түсіме алдағы келе жатқан жайдары, жақсы қуанышты, үзбей жалғастырғым келіп, бұйығып біраз жаттым. Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса — ұйқы мен оянудың арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Тек мені елегізіткен бір нәрсе... оң жағым ойсырап бос жатыр. Ойбай-ау, Қасымбек менен бұрын тұрып кетіпті. Күйеуінің өзінен бұрын тұрғаны жас келіншекке жараспайтын — ақ нәрсе. Егер елде, ауылда болсам, жас келіннің әр қадамын баққан, сумаңдаған әйелдердің сүйір тіліне ілінер едім. Мұндай жағдайда мен үшін бір тәуірі біз елден алыста — Батыс Белоруссияда жүрміз. Күйеуім Қасымбек әскери адам, аға лейтенант. Ал әскер дегеннің заңы өзіне басқа болады екен, күн демейді, түн демейді, кез келген уақытта жөнеле береді. Әрине енді, жай уақытта мен бұрынырақ оянушы едім, бірақ, соңғы кезде Қасымбек менен бұрын тұратын әдет тауып алды. Мен оянып кетіп түрегелейін десем де: «Жоқ, сен жата тұр, саған қазір күтіну керек»,— деп тұрғызбайды.
Бұрын дәл сондай бір әйел жанды мінезі жоқ, кәдімгідей байсалды — ақ жігіт болатын. Көрінеу көзге ерсі — елпілдеп әйелінің асты-үстіне түсіп, иіліп — созылып киіміңді әперіп жатпайтын. Орыстың еркектері сияқты су тасып, отын жарып та ұятқа қалдырмайтын. Енді қазір тіпті өзгеріп кетті. Басқасын айтпағанда — таңертең тұрып алып шай қоятынды шығарды. «Қой құрысын, ұяттағы», — десем, «Бұл жер ел іші емес, бізді ұялтатын адам жоқ»,— деп дес бермейді. Айтатыны: «саған ауыр көтеруге болмайды».
Ондай ауыртпалықты әзір өз басым сезе қоймасам да, күйеуімнің айтқанына көне салған боп, оған әйелдің жұмысын істетіп қоятын бір жаман әдет тауыппын. Ондай сәттерде, үш айдан бері өлердей сағынып жүрген ел-жұртымның алыста болғанына шүкірлік етем. Денемнің толысыңқырап келе жатқаны да рас, қынама көйлектерім құрсағымды қысатынды шығарды. Ертеңгі демалыста қалаға бара қалсақ, кеңірек көйлек іздеп көрмек ойым бар.
Сырттан Қасымбек кірді. Майкішең, иығында сүлгі, жуынып келіпті. Жуынар алдында самаурынға су құйып, от тамызып жібергенін де айтпай-ақ біліп жатырмын. Кереуеттің шетіне келіп отырып салқын қолымен маңдайымнан, шашымнан сипайды. Денесінен ертеңгі салқын, таза ауаның исі келеді. Маған бір жақсылық айтқысы келе ме, әлде жай көңілі жадырап жақсы оянды ма, қалың ерні дүрдиген атжақты, құба жүзінде, быттиыңқырап тұратын кішілеу дөңгелек көзінде болашақ қуаныштың табы бар. Өзім де сергіп жақсы оянып едім, Қасымбектің көзіндегі ұшқын кеудемді жылытып рахаттанып көзімді жұмдым. Салалы ірі қолы маңдайымнан, жағымнан сипайды. Көзім жұмулы болса да, оның еміреніп, телміре қарап отырғанын білемін. Бірақ осындайда адамды бір қатты қысып, құшырланып сүйіп алуға... именшек пе, болмаса сезімге сараң ба?.. Алақаны қарынымды сипап аузымның үстіне келіп қалды. Саусағынан сүйіп алдым. Қолын бетімнен алмастан Қасымбек ақырын еңкейді де ернінің ұшымен самайымнан сүйді. Мені бір уатылып кететін шөлмек дей ме екен?
Соңғы кезде Қасым тіпті сыпайы боп барады. Мен қазір оған полк командирінің үйіндегі хрустальден жасаған қымбат ваза сияқтымын, командирдің әйелі Елизавета Сергеевна онысына қол тигізбей, жібекпен ғана сүртетін, Қасым да маған қаттырақ тиіп кетуге қорқады. Енді өзі ғана емес сөзі де сыпайыланып, бұрынғы қазақылық мінезінен қалып, менің қасым мен қабағымды қапысыз танитын болып алды.
Оның сезбейтіні бір-ақ нәрсе. Мен әлі де күшімдемін. О жер, бұ жерім ауырып, денем ауырлаған жоқ, жар құшағына құштарлығым да кеміген жоқ. Кеміген жоқ деймін-ау, сол құрғыр, мені масқара қылғанда, артыңқырап кетсе де өзі білсін. Қасымбекке онымды сездіруге... қысылам. Әлі күнге дейін екеуміздің бетіміз ашылмаған ба... Бір-бірімізді қанша жақсы көрсек те, арамызда аттап өте алмайтын нәрселер бар.
Ал маған Қасымбектің осы именшек қалпы да ұнайды. Бір түрлі қызық... Өзі жұмыр денелі әжептәуір ірі жігіт болғанмен ұялшақ бала сияқты. Анау, кішкене пісте мұрнын одан бетер кішірейтіп тұрған, дүрдиген қалың ерні... Алғашқыда маған ұнамағаны да сол еді. Екі қалың ерін бір-біріне жуыспай ашық тұратын. Ашық ауыз... адам кейде көріп тұрып соқыр болады екен-ау, қазір қарасам содан сүйкімді ерін жоқ. Жиырма бестен асқан дырау жігітке құдды жас бала сияқты аңқау кескін беріп сүп-сүйкімді етіп тұрған сол ерін. Күлгенде тым жақсы жұқарып, үлкен күрек тістерін жалаңаштап, екі езуіне жаңа туған ай сияқты екі нәзік сызық түседі. Көзім жұмулы болса да біліп жатырмын, Қасымбек маған дәл солай жымия қарайды, көзімді ашып алсам езуіндегі нәзік сызықтарды көрем. Төрт құбылам түгел, жақсы халде жатырмын, осы рахат сәтімді өзгертпей тәтті қиялға елігіп жата бергім келеді. Көзімді ашып алғанда Қасымбектің шар сияқты дөңес маңдайын көріп, «шашы қаша бастаған жоқ па екен?» деп ойлап қалдым. «Болашақта күйеуім қасқа бас болады — ау» деп уайымдауға — көкірегім рахат тыныштыққа толы еді, тек Қасымбекті жақсы көрдім де қойдым.
- Жаңа майор Масловты көрдім, — деді Қасымбек.— Ертең семьяларымызбен Брестке барып келуге бір машина беретін болды.
Meн үндемей ғана басымды изедім: қайда барсақ та маған бәрібір, әйтеуір алдымызда жайма-шуақ жақсы күн бар, жадыраңқы көңіл бар.
— Жүк машинасына орындық қойғызатын болды. Отыруға жайлы болады.— Қасымбек мені қуантқысы келген адамша сөйлеп отыр.— Жетпіс-сексен шақырым жер. Ерте шығып кетсек тіпті рахат. Күні бойы қалада болып, қонаға қайтып келеміз. Сонда өзіңе керек-жарағыңды да қарарсың.
— Бұрын көрмеген қалам еді, жақсы болды,— дедім Қасымбекті риза қылғым келіп.
— Я, десейші, жап-жақын жерде тұрып, қанша уақыттан бері бip бapa алмап едік, — деп Қасымбек менің сөзімді іліп әкетті. Енді міне, сәті де келді.
Қанша ерке келіншек болсаң да ұятты білу керек, орнымнан тұрайын деп басымды көтеріп алып едім, Қасымбек самаурынды қарағысы келді ме, сыртқа шығып кетті. Байқаймын, құрсақты болғаннан бері менің тәнімді көруге қаймығады.
Шай үстінде Қасымбек маған бірдеңе айтқысы келгендей бір-екі рет қарап қойды. Ондайда бір нәрсеге екі ойлы боп қалғанын сезем де, енді қипақтап қинала бермесін деп сәл қабағымды қозғаймын. Оны өзі түсінеді.
- Қалаға бapyғa мұрындық боп жүрген біздің Николай көршіміз. «Ертең 22 июньде аттай жиырма беске шығам. Ондай мерекемді атап өтпесем масқара — тағы»,— дейді. Жеті-сегіз жолдасын қалада ресторанға апармақ. Өзі де шашылатын түрі бар. Бір айлығымды түгел жұмсаймын дейді. Әрине, өзінің тікелей бастығын ұмыта ма, бізді де шақырып отыр.
Қасымбек іркіліп қалды, көмейін түсіндім.
— Онда біз қандай тарту апарсақ екен?— дедім.
Оның әйелімен ақылдасқысы келгені, менен күткен сұрағы да осы еді, соны айтқызып алған соң, өп-өтірік:
— Ойбай-ау, мен оны ойламаппын — ау. Бәсе не апарсақ екен?— деді.
—Жиған-терген тиынымызды ала барамыз ғой. Қаладан іздерміз,— дедім мен.— Бұл жерден не табамыз.
Шайын ішіп болып киініп жатып Қасымбек «кі — һе» деп мырс етті. Ойына қызық, бір нәрсе түсіп кеткенде сөйтіп мұрнынан күліп алатын әдеті бар.
— Николай маған шақыратын жолдастарының тізімін көрсетті. Қарап тұрсам кілең келіншегі барлар. Бойдақтан, амалы жоқ, біздің ротадағы екі жолдасын ғана шақырыпты. Светасын тіпті сорақы қызғанады.
Николай Топорков Қасымбектің ротасында взвод командирі, шынашақтай ғана жігіт, кішкене гимнастеркасының жағасында қызыл эмаль жалатқан төрт бұрышты жалғыз кубигі бар — кіші лейтенант. Кішкентай адамдардың көбісі — ақ шелтеңдеген пысық болады ғой — бұ да сондай. Шекесі жұмырықтай, сопақ бет, аласа шот маңдай, су ішуге мойнын созған аттың басы сияқты иегі ілгері ұмсынып біткен. Өзінің кескіні — ақ қызық — қит етсе төбелесе кетейін деп тұрған тентек бала сияқты. Бір-екі рет саптың алдына шыққанын көргенім бар. Кішкентай кеудесін жырта керіп, екі шынтағын ширатып кейін шығарып, қаздаңдап билей басады. Тұсынан өтіп баратқан бәйгеге делбесі қозып, шыдай алмай, жер тарпып ауыздығымен алысып тұрған тай — құнан сияқты. Бірақ әйтеуір өзі бір нағыз адал жігіт, ар жағында бүкпесі жоқ, не де болса дыз етіп сыртына шыға келеді. Қасымбек оны сонысы үшін ұнататын.
Оның келіншегі Света, орысша айтқанда, менің подругам Екеуміздің қаншалықты жақын дос екенімізді өзім де әлі мықтап ажыратқаным жоқ. Осыңда келгенде алғашқы араласқан адамым сол.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)