inabathas quoted11 years ago
Сонымен, атты қайдан табамын? Отырып, отырып, кенет шапалақпен саныма салдым. Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы – менің малым. Соның біреуіне мінемін де кетемін. Белсенділердің әрқайсысында бірнеше аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шыбын жорғалатпайды. Жазда жайлауға қоя беріп, семіртеді де, қыстыгүні қанжырдай етіп жаратып, қасқыр, түлкі қуып шығады. Сонда олар бұл үшін қолхозға төлей ме бірдеңе? Түк те төлемейді. Әкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста болып істеді, мамам сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге қақым жоқ. Шешім қабылданды, өзен бойындағы жайылымнан бетіне тура қараған аттың бірін ұстап мінеді де, Қожекең түнгі салқынмен жайлауға тартып отырады. Сонан соң бригадир бар, Майқановасы бар, таңертең менің ізімнің қалай қарай кеткенін тауып көрсін. Тамақтанып болып, тысқа шықтым. Көз байланып қалған екен. Маужыраған қоңыр кештің құшағында, қора аузындағы сырғауыл қашаның үстінде, қонақтаған тауықтай шошайып отырмын. Ойымда Жанар. Түнделетіп жайлауға кетіп қалатын болсам, көпке дейін оны көре алмаймын, сағынамын-ау! Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Әлде осының өзі әлгі жүрт айтатын, кітаптарда жазылатын не... емес пе?» Япыр-ай, осы бір сөзді ойға алғанның өзіне селк ете қалам-ау. Егер мұны Майқанова білсе ғой. Не болар еді онда күнім? «Ә, Қадыров. Қаршадайыңнан қызға ғашық болып! Қарай гөр мұны! Бұл сұмдықты саған кім үйретті, ә?» Нағыз масқара, міне, сонда болар еді. Менің Жанарға ләм деп, бірдеңе айтпақ түгіл, тіпті оның қасына баруға жүрексініп тұратын себебім міне, осы. Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Әкесі Балабек бригадир болып істейді. Мамасы Қырымға курортқа кеткен. Үйде өзінен басқа мені онша ұната қоймайтын қытымыр әжесі ғана бар.
  • unavailable
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)