Султан Нурмаханhas quoted7 years ago
– Мырзалар, дүниедегі ең қысқа әңгімені білесіздер ме? – деп еді фон Таубе, – небары тоғыз-ақ сөзден тұрады.
Ешкім де білмейтін болып шықты. Сонда кітапқұмар губернатор өзінің көп оқып, көп білетінін тағы бір танытып, мәртебесі аса түсетінін сезіп былай деді:
– Екі адам, бір жолбарыс.
Бір адам, бір жолбарыс.
Жолбарыс.
Мырзалар желкесін қасыды. Көбісі түсінбей дал. Губернатор қарқылдап күлді.
– Мырзалар-ау, екі адам бірімен-бірі айқасып, ақыры біреуі өлмей ме? Ал жалғыз қалған адамды жолбарыс жеп қояды ғой.
Зиялы қауым губернатордың білімділігіне таң қалған болып, таңдай қағысып, сыңғыр-сыңғыр хрусталь бокалдар соғысып, жоғары мәртебелі фон Таубенің денсаулығына деп, түрегеп тұрып шампан ішкен.
Приходьконың есебі бойынша, Рысқұл мен Бронников бірін бірі жеп қоюы керек. Сонда жолбарыстың рөлінде өзі қалмақшы.
Бірақ бірнеше күн өтті: екі тұтқынның арасынан жанжал шыға қойған жоқ. Бірде шыдай алмай камераға Приходько мырзаның өзі келді.
– Жағдайың қалай, Бронников?
Бронников бұл сұрақтың сырын түсіне қойды.
– Жағдайдың несін сұрайсыз, Приходько мырза. Мың қандала мен бір қазақтың талауына тастадыңыз мені. Шыдам жетер емес.
Байқайды, Приходько риза. Түрме бастық дегенмен кеңпейіл көрінгісі келіп:
– Қандай тілегіңіз бар? – деп сұрады.
– Тілегім, шырағдан бергізсеңіз екен.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)