Айым Аяповаhas quoted7 years ago
ҚҚУ ҚҰСТАР ҚУАНЫШЫ

Роман

I

Көгілдір аспан аясында жасыл орманға бөленген көгілдір қала жатыр. Қала қай жағынан қарасаң да бірдей көрінген, сан қырлы гауһар тастай жалт-жұлт етеді. Керемет көрікті. Шығыс-күнгейі мен құбыласына дейін тұтаса созылған, аспанмен тілдескен ақ сәлделі таулары қандай айбарлы, сәнді десеңдерші! Кант бастары күн сәулесімен ойнап, көздің жауын алады. Бұл көшелері, көшені қуалай жүгірген арықтары әлі асфальт пен бетонға құндақталмаған соғыстан кейінгі Алматы. Бұнда әлі алты қабат, жеті қабат үйлер жоқ. Жиырма бес қабатты «Қазақстан» мейманханасы тұрғындардың қиялына да кірмеген. Сонда да қала сандықтан алып шыққан жаннат ішіктей құлпырып тұр. Сонау аспанмен тілдескен алып таулардың қойнауларынан, шатқал, арналарынан қуалай, қаланың шығысы мен батысын ала үш өзен ағады. Шығысындағыны - Кіші Алматы өзені, батысындағыларын - Көктем мен Жаман өзен деп атайды. Шығысындағы Кіші Алматы өзені сонау тау қойнауынан сарқырай шаттана күліп, тынбай ағып, қалаға жетеді де, кіре бере екіге бөлінеді. Бір қолы тасты, құмды Кіші Алматы өзенінің арнасымен төмен қарай құлайды да, судың екінші жартысы Бас арықты беттей жүйткиді. Бас арықтан әр көшенің екі жағын ала, тарам-тарам боп, қала бойын қуалай жөнеледі. Көгал көмкерген, әлі бетон кимеген бұл арықтар, нағыз бір тау етегіндегі тас бұлақтар тәрізді көбік атып секіре, сылқ-сылқ күледі. Сулары көз жасындай мөп-мөлдір, ұрттап қалсаң, тісіңді жарардай сұп-суық. Күндіз-түні сыңғырлап жатқан ағысының жылдамдығы ұшқан құсқа пара-пар бір кереметтер.

Ал осы көгілдір қаланың ақшыл, сұрғылт үйлерін алдыңғы жағынан, бүйірінен қоршай, қатарласа біткен сұңғақ бойлы қарағай, қайыңды, көлеңкелері көшенің тең жартысын алған жуан-жуан емен, қарағашты айтсаңдаршы! Бекіністерін жауға бергісі келмей күзетте тұрған жасыл шинельді алып солдаттар тәрізді. Тек анда-санда оқыс соққан желменен жасыл жапырақтарын ойната сыбдыр-сыбдыр қағады.

Міне, осы қала менің жаным сүйген қалам! Жазғытұрымғы бүрін ашқан алмұрттың, сәл қызғылт тартқан алманың, аппақ гүлдері өзінің қышқылтым, хош иістерімен жанымды рахатқа батырған қалам!

Қала бүгін де, күндегісіндей, сәнді-салтанатты еді. Күн Талғар асуынан сәл жоғары көтерілген. Таңертеңгі сағат тоғыздан асып бара жатқан шақ. Дәл осы мезгілде қаланың кең, әсем орталық көшесімен орта бойлы бір жігіт келе жатыр. Аяғында сарғылт бәтеңке. Үстінде ақ патсайы көйлек пен ақ жолды қоңырқай шевиот костюм. Өткір көзді, дөңгелек жүз, қыр мұрынды, қалың қара шашты. Отыздар шамасында. Ол әлденені ыңырсып, анда-санда жан-жағына, жасыл ағаштарға, көгілдір үйлерге қарап қояды. Бірақ көзін тоқтатпайды. Ойы, көңілі, бәрі бірдей, жанағы ыңырсып айтып келе жатқан әнінде тәрізді. Жігіт әннің ортасына дейін айтып келеді де, кенет дыбыс тізбектерін жоғалтып алғандай, сәл тоқтайды да, қайтадан ыңырси
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)