Айдана Айтеноваhas quoted8 years ago
ТҰР, БҰҚАРА! ЖИЫЛ, КЕДЕЙ! ҰМТЫЛ, ЖАСТАР!

«Құдай жарылқады: бостандық, теңдік болды!» деп, түк түк ұғынбай, буға семіріп, дүрілдеп жүрген де бар шығар; «бұрынғыдан қолым босады, не істесем еркімде» деп күжілдеп жүрген де бар шығар.

Біздің қара халық бу теңдік, бу бостандық кімге келген теңдік, бостандық, неменеге болған бостандық екенін әлі білген жоқ сияқты.

Әуелі сөзге бостандық берді. Не сөйлесек ауызға қағатын кісі жоқ, соның үшін қорғаламай ашық сөйлеу керек. «Әкеңнің өлгенін жасырасың, көмгенде қайтесін?» деп жасыратын қылық жоқ – бу бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық.

Әрі бай, әрі күшті, әрі жәбір Николайды аунатып тастап, билікті жұлып алған қара жұмысшы, кедейлер мен сүр шекпенді солдаттар болатын. Күштіге бостандық болса бу не!

Басы сол-ақ екен, сонан бері алғы жалмауыз, жауызқарды әлі күнге топырлатып, тосырып, жазаландырып, айдатуда, байлатуда. Орыс жұртының қара жүректері, мықтылары осы күнде жанымен қайғы. Байларының бүгін болмаса ертең жерін аударып, алып «тұлыпқа мөңіреткелі» отыр. Мұны қылып отырған – орыстың қара бұқарасы. Кедейі, жұмысшылары (социал демократия) деген жауынгерлері осылар.

Біздің «атқамінерлер, ептілер» мұнан сірә, хабары бар ма екен? Жоқ, әлі омырауды ашып қойып, білекті сыбанып іске кідиіп соғып отыр ма екен?

Мұнан хабары жоқтарының құлағына таққан сырғамыз мынау: Апасы кигенді сіңлісі де киетін, мына жалаңаш бұқараның түрі жаман көрінеді, «қасқыр жігіт» бола бергенді қоймасақ тегі бір тықыр болып жүрмесін...

Кел, мырзалар! Замана ыңғайы шалғырт, шенқұмарлықты көксеп, қартая бозқыдық шығара бермей, өткенге қанағат қылып, кешу алып, келешекте түзеліп, жанды олжа көріп, «тік жүрсек, тоқ жүреміз».

Бұл көзі ашықтау саңылауы барларға айтамыз. Газеттің сөзі пышақ сыртындай құлағына кірмейтін, «кереғарға» мұндай сөз қанағат бола қоймас. Себебі олар елді илеп, билеп, дәуірі жүріп қалған, жан-жақты, дәулетті, қазақша «бақ қонған» дейміз жуан атаның баласы болады. Бүгін мына теңдік заманы туып, бұқараның күшейгенімен жұмысы жоқ, баяғыдай тағы болсам екен деп ынтасы құрып, мойын созады да отырады. Кеше болыстыққа таласса бүгін комитеттікке таласып, елді қырықпышақ қылмақ.

Мырзаның күні кетті. Халық енді ойланатын мезгіл жетті. Қара бұқара! Аш көзіңді! Кедейлер, күнің туды. Байға жағынып, жалға бағынып, тамаққа сатылатын заманың емес. Алсаң, теңдесіп отырып ал сыбағанды! Теңдік алатын кезінде құлқынның құлы болып кетпе!

2-інші бостандық – бас қосып, қаулы қылып, ұйым жасап, бірлесіп іс қылуға берілген бостандық. Елдегілер бұған әлі түсінген жоқ. Бас қосса, партия себепті біреудің шашбауын көтеруге қосып жүр, болмаса жуаннан теңдік алуға бірлескен жан аз.

Орыстың жұмысшылары, ісмерлері, мұжықтары тұс-тұсынан ұйым жасап, өздеріне керегін сұрап, теңдік алып жатыр, біздің қара бұқарамыз әлі дайдайда жүр.

Жалғыз-ақ бостандық туғалы көріп отырған жақсылығымыз мынау: Зайсан оязының жас жігіттері, қара бұқарасы (сегіз жүздей кісі) «Теңдік заманы» деген ұйым жасап, теңдік ала бастады. Көзге көрінген бір ісі: Зайсан оязына хан сияқты әмірі жүрген, орыс, қазағын бірдей билеген атақты жемеңгері Ахметжан Шідерин деген қара жүректі ел жұмысына кірістірмей ұстап жаптырып отыр. Шідерин нөкерлерімен қазір Семейде. Міне, ел болса осындай болсын! Жігіт болса солардай болсын!

Қай ел болсын жігіттері, кедейлері жоқ емес, бірақ олар әлі оянған жоқ. Оянса да мұндай істі ойланған жоқ. Елдегі атқамінерлер былай тұрсын, ақсақалдар басқа бата қылып отыра тұрсын. Кеудесіне жын орнағандай партия орнаған сынар езу, көбік ауыздар күжілдей түссін. Енді жас бозбала, азаматтар, жаман тымақ кедейлер, мұғалім, учительдер, етікші, ағашшы, кәсіпшілер, әсіресе кеше фронтқа барып, ысылып қайтқан жігіттер, сіздер неғып жатырсыңдар? Жиырмасыншы ғасырдың жастары, жаңа заманның адамдары барсыңдар ма? Қайдасыңдар?

Мұндай заманда атқа мініп, іс қылмағанда, қайда істейсіңдер? Бар болсаңдар істейтін істерін мынау: мұғалім, учитель, болмаса жоба білетін жас жігіттер басшы болып қара бұқараның басын қосып «Бұқараның ұйымы» деген ұйым жасау керек. Бастаушы болса, қостаушы табылады. Қорқатын, қорғалатын заман емес, жыбырлайтын, сыбырлайтын заман емес, ұйым жасауға құдайдың пәлесі болмаса адамның пәлесі түк қылмайды.

Ұйымның бітіретін жұмыстарын қысқаша көрсетейін.

1. Қара бұқараға теңдік әперу жолында бас қосып, әлдендіріп, партияны тоқтату.

2. Комитеттерге зәбірсіз таза кісілерден сайлау.

3. Ел ішіндегі атақты зиянды кісілердің көзін жоғалту.

4. Комитеттің істеген жұмысын бақылап отырып, жамандығы шыққандарды түсіру.

5. Билердің билігін байқап жүріп, қиянат қылған, пара алғандарын түсірту.

6. Қолы жете алмай жүрген нашардың ақысын алып беруге тырысу.

7. Халыққа алым-шығынды әділшілікпен салдыру кедейге – кедейше, байға – байша.

8. Елге пайда келтіру жолында мектеп, уақ қарыз серіктігі, потребительский папкелер ашу.

9. Ұрыны тыю.

10. Оязной һәм облосной комитеттермен өз тұсынан хабарласып, не жұмыс болса халыққа таратып һәм елдегі жұмысты комитеттерге білдіріп тұру.

Міне, ұйым жасалса осы сияқты үлкен жұмыстарды халық өзі бітіреді. Ұйым жасауға кісінің саны шарт емес, бес кісі болса да – ұйым, он кісі болса да – ұйым болады, жүз болса тіпті жақсы, неғұрлым көбейген сайын жуандар шүмейіп, жұмыс өңейе бермек, «көп қорқытады, терең батырады».

Жалғыз-ақ сақтанатын бір іс бар. Бас қосып алған соң шуылдап, зорлыққа, қиянатқа кірісіп, дүние табуға қызықпасқа керек. Тұтынған жолы, көздеген шырағы туралық, әділдік, ақылдық, адалдық, құдайшылық болсын. Жұмысы қара болса, әкесі болса аямасын. Бұл ағзалардың жақыны – жаны, досы – ары, иманы болуға керек. Болмаса олар іс қыла алмайды. Мұндай жақсылық мақсұтпен таныстырып, үгітте отыратын таза ақ жүрек кісілер өте қажет.

Ал, жастар! Жігерленбей, сілкінбей қара бұқарамыздың есі кірмей, ақыл да, білім де күштіде, жуанда деп бағына берсек іс бітіре алмаймыз. Іс бітіре алмасақ, табанды, іргелі халық болуымыз кәдік.

Ұйым ашқандар облосной комитетке білдірсін. Сұрайтын сөзі болса «Сары Арқа» газетінің басқармасына жазып тұрсын.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)