«МӘШӘБИНӘ»
әңгіме
Мен биыл елге ертелетіп бардым. Жыл сайын қаладағы қапырықтан қашып, бас сауғалап үйреніп қалғандікі ме, қардың шеті тесілсе болды, Алтайға қарап танауды көтеріп тұрар ғадет таптым. Әсіресе, бұл жақтың жазы — шуақ, қоңырлап соғар желі бар аса жұмсақ келуші еді.
Ауыл деген немене, әсіресе, мен үшін, жүз жылда да өзгермейтіндей, баз қалпы,— әлденеге асығыс, әлденеге ашулы, торсаң-торсаң желісте мәз қалпы. Алыста жүрсең сағынасың, ал ағайынмен аралас-құралас жүрсең, кетуге асығасың.
Келгеніме екі-үш күн болған. Біздің шал биыл былтырғыдан ары қартайыңқырап, көбірек сүрініп, қойғанын қойған жерінен таба алмайтын ұмытшақ, әрі жаңғалақ болып барады екен. Көктем ерте шықса да, үйінің маңайын тазалап үлгермеген; екі сиыр, бір тайыншаның қыстайғы тезегі қораның іргесінде тау болып үйіліп қалған, міне, үшінші күн, трактордың телешкасына тиеп әуремін. Сырты қарайып, көңдене қопсып жатқанымен, ішінің тоңы әлі жібімеген, сүймелеген сайын, бетіңе саржағал мұздақ шашырайды. Ары-бері өткен ауылдастарым қаланың қара таяғы қалай қимылдайды екен дегендей, байқамаған боп қызықтап, мал қараған боп қырындап өтеді жанымнан. Менікі намысқа шабу ғой, алақанымның қолдырап ойылғанына қарамастан, тыртыңдап екі сиыр, бір тайыншаның қыстайғы тезегіне шабуыл жасаймын. Қас қылғандай, қарасаң тигірлер, осыншама мол ластар ма? «Қарасаң» деген сөзді ішімнен ғана айтамын. Өйткені аузын аққа тигізіп, бірсыпыра елден беделін асырып отырған екі сиырдың амандығы — шешем үшін жалғыз ұлынан кейінгі тілеулі дүниесі. Ал екі сиыр керіскедей болып туып тұр еді, айналайындар.
Тіпті пұшпақ-пұшпағымнан тер сорғалап, дымым құри берген соң, қағынып-сілкініп үйге кірдім. Мәншүк пен Ғалия сабағына, әкем почтасына кеткен. Бірақ шешем жалғыз емес екен, көрші Зейнеп кемпір екеуі бір-біріне шақша ұсынып, насыбай атып, ұзақ сонар әңгімеге кеткен. Тіпті менің кіргенімді де, «Сәлеметсіз бе, апа» дегенімді де естіп, байқаған жоқ.
Unknown author
Орал­хан Бо­кей. Ма­ша­бина
Пікір жазу үшін кіру не тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды