«ЖҰЛДЫЗ КӨПІР»
роман
«PER ASPERA – AD ASTRA»
«Через тернии – к звездам»
«Азаптардан – жұлдызға жол».
Латын сөзі
I
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық қаудырайды. Осыншама қуаңшылыққа қарамай, жылан биыл да түлеген. Несіне жетісіп түлейтіні белгісіз?
– Тұрар, міне әкең...– деді қырық құрақ қаудыр тонды Дәуіт шал. Басындағы түлкі тымақ ескіргені сонша, қотыр мысықтың терісіндей өлі жүні ұйпалақ екен.
Тұрар төмпешікке тесіле қарап, қалт тоқтады. Қасындағы Қабылбек Сармолдаев бір адым кейін қалды.
Шеңгел бұтағына ілініп қалған зер қабық діріл қағып, қаудырайды. Күн қақтап, жел жұлмалаған жылан-жейде әр жерінен жыртылып, өрім-өрім болған екен.
Төмпешік тым жүдеу. Үстіне көктемде шыққан раң шөп алдақашан қурап, ұшып кеткен. Ескірген топырақтың тандыры кеуіп жатыр. Мүрденің бір қапталы ойылып, топырағы ішіне түсіпті. Талай тас қапастың бүйірін жанталаса опырып қашып шыққан қайран Рысқұл бұл ақырет түрмені де тесіп шықпақ болған сияқты.
Жамау тонды Дәуіт пен оның қасындағы ойық-ыстылар Тұрардың мына жыртық мүрдеге соншалықты қадала қарағанынан қысылып, өздерінше ақталмақ:
– Аласапыран заман болды. Зиратты күте алмадық...
Тұрар оларға түнере қарап:
– Шыннан көкемдікі ме? Басқа біреудікімен шатыстырып алған жоқсыздар ма? Белгі қойылмапты ғой, – деді.
– О не дегенің жиеншар, – деп Дәуіт қалбалақтап қалды. – Рысқұл жиеннің жатқан жерін ұмытып не көрініпті бізге? Батырды өзіміз ақ жауып, арулап, осы араға жайғастырғанбыз. Сүйегіне мен өзім түстім. Апырай, Тұрар, саған өтірік, маған шын, денесінде cay жері жоқ жарықтықтың, бәрі жарақаттың тыртығы
Шерхан Мұртаза
Қызыл жебе. III кітап
Шерхан Мұртаза
Қызыл жебе. III кітап
  • 136
  • 11
  • 4
  • 9
Пікір жазу үшін кіру не тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды