jarsuatmadeniethas quoted7 years ago
Қашаннан келе жатқан іс еді мұның? Сені жолдан тайғызған кім? Соны айтшы.

Қарагөз.Кім екенін айтпаймын. Осы жерде бүгін түсін көресің. Бұл істің басталғаны кеше ғана... Қара түнді жамылып, жан сырын ашысқанға бір-ақ жұма. Содан бері екі-ақ көрістік... (Пауза.) Бізді қосқан жай желік пен құмарлық емес! Саған айтар ең үлкен шыным осы.

Ақбала.Атын аташы, ол кім?

Қарагөз.Ұзақ сапарға аттанарда өмір бойға, бір жолға жеңгелік қарыз өте дейтін тілегім болса, сол осы!

Ақбала(тоқтап тұрып). Жасыңнан сырың өзге жансың ғой, Көзжақсым! Мені шегелемей қоясың ба!..

Бес-алты сал келе жатады. Ортасында — Сырым.

Көзжақсым-ау, мынау Жуас қайнағаның баласы ғой. Молда жігіт келе жатыр, ойбай! Бұлар бірдеңе сезген бе? Аңдып жүрмесін бізді? Әлде әлгі келетіндерді аңдып жүр ме?

Қарагөз.Шыдай тұр... Бұлар жаулық қылмайды...

Сырым бізге жау емес.

Ақбала.Не дейді? О да біле ме? Бұл тентек еді ғой, бірдеме деп, пәле бастап жүрмесін?

Салдар бұларға тура жүреді... Тегіс сәнді киінген. Қарагөз Сырымға қарсы жүріп.

Қарагөз.Сырым... Жүрегім!..

Сырым(құшағын жайып қарсы келе жатып). Қара түндей қасірет ортасында жалғыз шырақ-жарығым, маңдайдағы жұлдызым! Торға түскен ақ тотым... келші, күнім! (Екеуі құшақтасады. Салдар күле қарасып, қосыла домбыра тартып қалады.)

Ақбала.Көзжақсым, мынау ойының ба, шының ба?! Алыстан тапқан ба десем, жаңа көрдің бе осы тентекті?

Сырым.Ақбала, айыбыңды ал, жаным, тек жазғырма! Ол — Қарагөз, мен — Сырым. Қарагөздің Сырымнан артық жары болушы ма еді? Сәулемнің менен өзге теңі кім? Мен жылап жүріп тілеп алған.

Қарагөз.Жеңеше, Ақбала... сүйгенім Сырым болмаса, мен жалғызбын дер ме едім? Сенен көмек сұрар ма едім?
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)