Акерке Орынбасарhas quoted8 years ago
ФИЛОСОФИЯНЫ ҮЙРЕНУДЕН БҰРЫН НЕНІ БІЛУ КЕРЕКТІГІ ТУРАЛЫ
(49-бет) Әбу Насыр Әл-Фараби былай дейді: философияны зерттеуден бұрын тоғыз нәрсені зерттеп, біліп алу қажет және мұның өзі Аристотельден алынып отыр:
бірінші - философиялық мен мектептердің атын білу; екінші - [Аристотельдің] әрбір кітабының мақсатын білу; үшінші - философияны зерттеуге негіз етіп алынған ғылымды білу; төртінші - философияны зерттеу мақсатының маңызы ; бесінші - философияны ұғынғысы келген кісінің дұрыс жолды таңдап ала білуі; алтыншы - Аристотельдің әрбір кітабының тіл ерекшеліктерін білу; жетінші - өзінің кітаптарын Аристотельдің неліктен тұспалдап жазған себептерін білу; сегізінші - философиядан білігі бар адамның қандай күйде болуға тиіс екенін білу; тоғызыншы - Аристотельдің кітаптарын зерттегісі келетін адамға қажетті нәрселер.
I. Философиялық бағыттардың аттарына келетін болсақ, бұл өзі жеті нәрседен алынады:
- философияның белгілі бір саласын уағыздаушы адамның есімінен;
- философтың шыққан қаласының атынан;
- ал [өз доктринасынан] дәріс берген жердің атынан;
- оның тіршілік салтынан;
- оның философия ғылымындағы ізбасарларының көзқарастарынан;
- оның ізбасарларының философияны зерттеуде көздейтін мақсаты жөніндегі көзқарастарынан.
Өз доктринасын уағыздаған адамның есімімен аталған бағытты айтар болсақ, бұл -Пифагорды /2/ жақтаушы топ.
Философ шыққан қаланың атымен аталған школа (50-бет), - Кирена /3/ тұрғындарының арасынан шыққан Аристипп бағыты.
Философиялық доктринасы оқытылған жердің атымен аталған бағыт - Хризипп бағыты, өйткені бұл бағыттық жолын ұстаушылар - портик /4/ тобын жақтаушылар. Мұның былай аталған себебі олар Афина [құдайы] храмының портигінде осы бағыттан дәріс алған.
Жақтаушыларының тіршілік салты мен әдет-ғұрыптары бойынша аталған бағыт - Диоген бағыты; бұл өзі иттің атымен аталған, өйткені бұл бағытты жақтаушылар қала тұрғындарына тән тәртіптерді теріске шығарып, туған-туысқандарды, жақын-жуықтарды қадір тұтпауға, бөгде адамдарды жек көруге шақырады, ал мұндай қылық; тек иттерде ғана кездеседі /5/.
Жолын ұстаушылардың философиялық бағытымен аталған бағыт - Перронның және соның тобының бағыты, бұл өзі тыйым салушы бағыт болып есептеледі; өйткені олар адамдарды ғылымға жолатпауға тырысты /6/.
Жолын ұстаушылардың философияны зерттеу мақсаты жөніндегі көзқарастарына сәйкес аталған бағыт,- Эпикурдың және оның эпигондарының бағыты, ол рахатқа бату бағыты атанды, өйткені олар философияның мақсаты - сол философия білімінің рахатын көру деп білді/7/.
Жақтаушыларының іс-әрекет әдістеріне сәйкес аталған бағытқа келсек, бұл Аристотель мен Платонның соңынан жүріп, аяғынан сарсылушылар бағыты. Аристотель де, Платон да серуенге шыққан шақтарында уағыздап, әрі сонымен бірге дене қуаты мен жан дүниесін жаттықтыруды ұнатқан /8/.
II. Ал [Аристотельдің] кітаптарына келетін болсақ, онда бұл кітаптарда жеке, яғни бір пән, немесе жалпы, немесе жеке мен жалпының аралығындағы пән зерттеледі.
[Аристотельдің] жеке туындыларына оның трактаттары жатады. Ал жалпы шығармаларына келетін болсақ, олардың бір бөлігі - оның ілімін есте сақтап қалуға себін тигізетін өсиеттер: екінші бөлігінен жеке жақтарымен де, сондай-ақ жалпы мәселелері жағынан алып қарағанда да философия аңғарылады.
Оның кейбір жеке еңбектері философияның ақылмен пайымдалатын тарауынан мағлұмат береді, ал басқалары - философияға прагматикалық қосымшалар. Олардың кейбіреулері арқылы тәңірлік нәрселерді, ал басқа біреулерінен - жаратылыс ғылымдарын, ал тағы біреулері арқылы - сан ғылымдарын зерттеуге болады.
Физикаға арналған кітаптардан күллі табиғат құбылыстарына ортақ жайларды (51-бет), ал басқаларынан - жеке пәндерге тән жайларды біледі.
Табиғат құбылыстары біткеннің бәрінің жиынтығын қамтитын кітап - оның "Табиғат үйлесімі" /10/ деген кітабы; бұл кітап осылай аталған, өйткені осы кітаптың көлемінде бірінші негіз сатысында тұрған барлық нәрсеге тән бірінші негіздер мен солардың туындылары аңғарылады.
Бірінші негіздерге келетін болсақ, олар элемент пен форма және осыған ұқсас нәрселер, соңғылары ақиқат болғандығынан емес, ақиқатқа жуықтығынан солай.
Бірінші негіздердің туындылары - уақыт және орын, ал туындыларға ұқсастар - бос кеңістік және шексіздік.
[Аристотельде] табиғаттың әрбір құбылысына тән мәселелер баяндалатын кітаптар [бар]; [мысалы] жаратылмаған нәрселерді баяндайын кітаптары; сондай-ақ жаратылған нәрселердің жиынтығын тану туралы сөз қозғайтын кітаптары да бар. Жаратылмаған нәрселер не универсальды түрде, немесе партикулярлы түрде танылады. Сөйте тұрғанмен де жаратылған нәрселерде мәселен, белгілі бір қалыптың өзгеруі және қозғалыс сияқты -бүкіл жиынтық күйінде Аристотельдің "Пайда болу мен жоғалу" /11/ деген кітабынан білуге болады. Қозғалыс проблемасы оның "Аспан туралы" /12/ деген кітабының соңғы екі бөлімінде қарастырылады. Ал осының [тараулардың] әрқайсысын жеке алып қарайтын болсақ, оның бірі жәй мәселені, екіншісі - күрделі мәселені қарастырады.
Жаратылыс құбылыстарының ішіндегі ең бір жәй құбылысқа қатысты нәрселер Аристотельдің "Аспан денелері туралы" /13/ деген кітабынан танылады; күрделі құбылысқа қатысты нәрселер жалпы және жеке заттар болып бөлінеді; жалпы заттар оның "Хайуанаттар туралы" және "Өсімдіктер туралы" /14/ деген кітаптарынан, ал жеке заттар "Жан туралы" және "Түйсік пен түйсінілетін заттар туралы" /15/ деген кітаптарынан танылады.
Ал сан қатынастарынан мағлұмат беретін кітаптарға келсек, олар - "Оптикалық аспаптар", "Сызықтар туралы" және "Айла - амалдар туралы" /16/ деген кітаптар.
Философияда қолданылатын нәрселерді танытатын кітаптардың біразы мінез-құлықтарды түзетуге [этика] қатысты, біразы қала салу ісіне және үй шаруасын жүргізуге арналған.
Философиялық аргументацияны білдіретін кітаптар жөнінде: олардың кейбіреуін осы ғылыммен танысқанға дейін, кейбіреуін осы ғылымды тану процесі кезінде оқу керек, басқаларына философияны меңгеріп алғаннан кейін ден қойған жөн.
Философиялық аргументациялармен танысқанға дейін оқылатын кітаптардан (52-бет) дәлелдемелерді растайтын, силлогизмнің қорытынды жеке бөлімдері жөнінде де, сондай-ақ дәлелдеме жасау үшін қолданылатын дәйектеме бөлімдер жөнінде де білім алуға болады. Дәлелдемелер қорытындысының бір бөлегін танытатын кітап, - оның "Бари харминийас" /17/ деген кітабы, ал дәлелдемелердің алғы шарттарын түсіндіретін кітабы -"Силлогизмнің терминдері туралы", басқаша айтқанда, "Категориялар" деп аталатын кітабы.
[Аристотельдің] аргументацияны баяндайтын кітаптары оның "Дәлелдемелер туралы" деген кітаптары олар ішінара формаға, ал ішінара дәлелдемелерді тудыратын мәнге арналған. Дәлелдеу формасына "Аналитика" деп аталатын "Аподейктика" /18/ деген атпен белгілі силлогизм жайындағы кітабы арнайы бағышталған, оның мәні "Дәлелдеме туралы" кітабынан [бөлімінен] танылады.
Ал аргументацияны зерттегеннен кейін барып оқылуға тиісті кітаптарға келсек, бұлар ақиқат дәлелдеме мән түгелдей де, өтірік - шыны аралас та болып келетін жалған дәлелдеменің арасындағы айырмашылықты анықтауда көмектесетін кітаптар. Түгелдей жалған дәлелдемелер оның "Өлең шығару өнері туралы" /19/ деген кітабында талданылады. Өтірік-шыны аралас дәлелдемеде өтірігі мен шыны тең, болып келуі де, не шыны көп, не өтірігі көп болуы да мүмкін.
Жартылай ақиқат және жартылай жалған дәлелдеме оның "Шешендік өнері" /20/ деген кітабынан танылады; ал жалғанынан ақиқаты басым дәлелдемелерді оның "Диалектика мәселелері туралы" /21/ деген кітабынан білеміз, ал ақиқаттан көрі жалғаны басым дәлелдемелерді "Софистер өнері туралы" /22/ деген кітабынан білуге болады.
III. Ал философияны [өзін] өтуден бұрын ең алдымен қай ғылымнан бастау керек дегені мәселеге келсек, платоншылдар оны геометрия деп біледі; олар [өзі] сабақ берген храмның есігіне: "Геометр еместер, табалдырығымыздан аттамасын" деп жазып қойған Платонның өз өнегесіне сүйенген. Оның себебі, геометрияда қолданылатын дәлелдемелер ең дұрыс дәлелдемелер болып табылады.
Дегенмен де Теофрастық /23/ жолын ұстағандар этикадан бастау керек деп санайды, өйткені мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға да қолы жетпейді дейді. Бұған: "Тәні менен жаны лас - тазалыққа қам қылмас" деген Платон сөздері мен "Шынында тән лас болған жерде, оны қолдап демегенің - жамандықты көбейткенін" -деген Гиппократ /24/ сөздері дәлел болады.
Боэт (53-бет) Сидонский /25/ физика ғылымынан бастау керек деп ұйғарды, өйткені ол өзі мұны жақсы білді, физика оған етене жақын.
Ал, оның шәкірті Андроник /26/- логикадан бастау керек,- деп есептейді, өйткені логика әрбір нәрседегі ақиқат пен жалғанды ажыратудың құралы болып табылады,- дейді.
Сондықтан да осы көзқарастардың бірде-бірін бекерге шығара алатындай адам жоқ, өйткені философияны зерттеуден бұрын сезімтал жанның қасиеттерін, мысалы, рахатқа бату мен мансапқорлық сияқты қиялдағы жақсылыққа емес, шын мәніндегі жақсылыққа талпынатындай етіп тәрбиелеу қажет, сөз жүзінде емес, мінез-құлықты іс жүзінде шыңдау арқылы іске асыруға болады. Қателесу мен адасудан аулақ ететін ақиқат жолды түсіне алатын парасатты жан тек осылайша шыңдалады. Бұған аргументация ғылымы саласындағы жаттығу арқылы қол жетеді, жаттығу - дәлелдемеге жеткізеді.
Бұл дәлелдемелердің екі түрі бар: геометриялық және логикалық.
Геометриялық дәлелдемелерге жаттығу үшін, алдымен, геометриялық ғылымнан бірнеше қажетті санды саралап алып, тек сонан кейін ғана логика саласында жаттығу керек.
IV. Философияны зерттеу мақсатына келетін болсақ, мұның өзі - барлық нәрсенің қозғаушысы, себебі болып табылатын, өзгермейтін және бірегей бәрінен жоғары Жаратушыны тану. Ал мұның осылай болатын себебі, Ол (Жаратушы) - өзінің кең пейілімен, даналығымен, әділеттілігімен осы дүниені жасаушы және құрушы.
Ал философтың әрекеті барынша адам баласына тән жігер мен сол Жаратушылық әрекетіне ұқсас болуға тиіс.
V. Философияны зерттегісі келетіндер әрекетке және мақсатқа жету жолында талпына беруге тиіс. Әрекетке талпыну білім арқылы жүзеге асады, өйткені білімнің түбі әрекет болып табылады. Ал табиғатты білмейінше білім арқылы мақсатқа жету мүмкін емес, өйткені табиғатты білу біздің түсінігімізге бір табан жақын. Осыдан кейін геометрия келеді. Әрекет етудегі мақсатқа адам ең алдымен өзін өзі жетілдіру, сонан кейін бір үйде немесе бір қалада тұратын басқаларды жетілдіру арқылы жетеді.
VI. Ал енді өзінің кітаптарында Аристотельдің қолданған стиліне келсек, ол - үш түрлі (54-бет). Жеке еңбектерінде ол неғұрлым дәл, бірақ сонымен бірге неғұрлым ұзақ баяндау стилін қолданады; комментарийлерде оның стилі көмескі, бұлдыр болып келеді; ал трактаттарында ол анық және қысқа жазуды тілейтін ережені ұстайды.
VII. Оның трактаттарында көмескі баяндаулардың кездесу себептері - үшеу. Біріншіден, ол осылайша үйренушілердің оқуға қабілеті бар не жоғын тексереді; екіншіден, философияны кім көрінгенге емес, тек еңбек қайтатындарға ғана ашып береді; үшіншіден, іздену қиыншылықтары арқылы ақыл-ойды машықтандыру керек деп біледі.
VIII. Аристотель ілімін таратушы адамның жай-күйі жоғарыда айтылғандай болуға тиіс, яғни ол, ең алдымен, өзінің сезімдік жан қасиеттері рахат тілемей ақиқатқа - тек қана ақиқатқа бағытталатындай етіп, ез табиғатын түзеуге тиісті.
Сонымен бірге, оның еркі шындыққа бағытталу үшін ол парасатты жанның күшін жақсартуы керек. Аристотельге еліктегенде, оған деген сүйіспеншілік оны (Аристотельді) ақиқаттан да артық, санауға [ешуақытта] дейін асқынып кетпейтін болсын, бұл оған өштік туғызып оны бекерге шығару қаупіне де ұшырамайтын болсын.
Ұстаздың мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауға тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеу керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өзінің ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа кене беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен оның ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет, өйткені бұлар, - жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді. Сондай-ақ ол өзінің сабақтарын бір ғана ғылымның шеңберінен асырмағаны дұрыс, өйткені түрлі пәндермен сабақты ауырлата беру тәртіпсіздікке және белгілі бір жүйеден айрылып қалуға апарып соқтырады. Осының бәрі шәкірт өмірін ұзартады, өйткені тәнді емдеу, Гиппократтың сөзімен айтқанда, - өмірді ұзартатын болса, жанды емдеу онан да жақсы нәтижеге жеткізуге тиіс.
IX. Мына нәрселерді біліп алу керек: бірінші - "Логика" /27/ деген кітаптың мақсаты; екінші - оны білудің пайдасы; үшінші - өзінің кітаптарын [Аристотельдің] осылай атау себептері; төртінші - бұлардың қаншалықты дұрыстығы; бесінші - осылардың бір ізділігі тиянақтылығы; алтыншы - өзінің кітаптарында қолданған тілді білуі; жетінші - оның әрбір кітабының қандай бөлімдерден тұратынын [білуі] (55-бет).
Ақырында, силлогизм. Ол екі бөлімнен тұрады: біріншіден - дәлелдемелерге тиянақтардан, дәйектемелерден, екіншіден, дәлелдемелерді қорытып шығаруға қолданылатын сөздер түрінен. Мұны оның "Аналитика" /28/ деген кітабынан білуге болады.
Ал дәйектемелерге келсек олар терминдерден құралады. Ал қолданылатын сөздер сөйлеудің негізгі бөлімшелері болып табылады.
Сөзді құрайтын барлық жай нәрселер он түрге [немесе категорияларға] бөлінеді; олар оның "Категориялар туралы" деген кітабы арқылы танылады. Силлогизмнің фигуралары "Бари [хар]минийас" /29/ деген кітабы арқылы, ал силлогизмнің дәйектемелері оның "Дәлелдемелер туралы" /30/ деген кітабы арқылы танылады.
Бұл кітаптарды "Логикадан" бұрын оқып шығу керек; бұлар осы кітаптарды жазуға не себеп болғанын білуге ынталандырады.
Ендігі қалатыны - барлық осы кітаптардағы тарауларды білу - бұл әрбір кітапты оқыған кезде қажет болады.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)