b3160995911has quoted7 years ago
ЖЫЛЫМЫҚ
әңгіме
Жолаушы атың семіз желетұғын,
Көз бар ма мен байғұста көретұғын.
Халық әнінен
Мен осы бір суретті көрген сайын, сені есіме алатынмын, немесе сені есіме алған сайын, осы суретті көретінмін. Қазір қайда, не істеп жүргеніңді білмеймін. Мүмкін... Аузым бармайды ондай жамандыққа... Мүмкін, бұл дүниелік емес шығарсың. Оған өкінішім жоқ, сен бәрібір қашанда менің қасымда жүрер едің; жалғыз-ақ өкінішім — мына өзің туралы новелланы өз бетіңмен оқи алмайтының. Сен қу мекен далада өскен ақ қайың ең, желіккен жел жұп-жұқа қабығыңды сыдырып, қалтырап тұрсың-ау, жазған; қалтырап тұрып сыңсып ән саласың-ау, жазған; сол мұңлы үн менің құлағыма еміс-еміс естілгендей болады; сол сай сүйегіңді сырқыратар жетім әуен тым жалғыздығыңның—тым жарымжандығыңның бебеу қаққан жаршысы, адамдар тіпті бүкіл әлем алдындағы аппақ ар-ожданының арашашысы сықылданатын.
Мен осы бір суретті көрген сайын, тіршіліктің мәнін бұдан әлдеқайда терең түсініп, адам өмірінің шын қуанышын, шын қайғысын жырлау, сипаттау екінің бірінің қолынан келмейтіндігіне илана түсетінмін. Бұл суретке ұзақ үнсіз қарап тұрып бақыт, күлкі тоқтық дегеннің бәрін санамнан сылып тастап, өзім де біле бермейтін мәңгі шексіздікке, мәңгі тұманды сапарға аттанып кетуді көксер едім. Қараған сайын жүрек соғысым бәсеңдеп, енді аз-маз сәттен кейін барлығымен — сені мен суреттен басқасының барлығымен қоштасып, әні-міне, арғы әлемге апарар арбаға мініп, аттанып бара жатар едім. Талай рет өз-өзімнен қысылып, өз-өзімнен булығып ағыл-тегіл жыладым да. Неге екенін білмеймін, осынау сурет пен сенің бейнеңнен ұқсастық тауып, екеуіңді жаһандағы жақсы атаулының бәрі-бәрінен жоғары қоятынмын. Есіңде болар, мен саған осы суретте не салынғанын әрі мазмұнын сан қайтара айтып, шаршатып та алушы едім. Сен бір нүктеге қадалған қалпыңда жалықпай тыңдай берер едің, сосын қабырғада қағулы тұрған суретті жұп-жұмсақ алақаныңмен сипалап, ауыр күрсінер едің. Білем, айтпасаң да сезетінмін, тым болмағанда жалқы рет жарық әлемді көріп, жан тапсыруды армандағансың талай рет.
Мен осы бір суретті алғаш көргенде, сұлулық һәм тамаша өнер жайлы жайдақ ұғымыма ұлы өзгеріс енгізгенмін. Табынып тамаша деп жүргеніміздің көбі, шуақты сүйетін қорыншақ көңілдің көңілшектігі, тыз етпе әсіре әсерден туған біратар пікірдің салқыны екен. Қисапсыз көдедей көп дүниенің қайсыбірі жадымызда тұра береді, осындай ілудесі ғана жылдар бойы рухани досыңа айналады. Адам мен өнер арасындағы достықтың жібіне күйкі тірліктің қарғалары қаз-қатар қонып алса, ол жіптің ұзамай үзілері хақ. Тым ертеректе жоғалтып алған табиғатқа, жалпы: ұшқан құс, жүгірген аңға деген іңкәрлігің іңгәләп қайта туса, қайта тірілсе, жастығыңның да қайта оралғаны емес пе. Атар таң, шығар күн, туар ай: бәрі-бәрі жер басып жүргенде ғана керектігін біле тұра, мадақтаймыз. Айналадағыны көру, сезіну үшін жаралған пендеміз. Бірақ бүгін бар, ертең жоқ, тіпті көзіңді жұмсаң жоғалтып алар тамашаның қадірін ылғи кеш түсініп, кеш бағалар едік. Екеуміз қол ұстасып қатар келе жатқанда, әлгі айтқан әлемді мен көретінмін, сен сезінетінсің. Күні бүгінге дейін көру мен сезінудің айырмасын, артықтығын таба алмай сандалудамын. Кейде жаныңда келе жатып көзімді тас қып жұмар едім де, қап-қараңғы дүниеде өз-өзімді жоғалтып алатындай аса қорқынышпен жанарымды жарқ еткізіп ашып жіберер едім. Ал көзімді жұмған сәтімде, сенің қолыңнан мықтап ұстап адасып кетпекке бекінетінмін. Көзімді ашсам да, жұмсам да саған еріп, сенің ізіңді басып жүргенімді енді білдім. Иә, қасымда болғанда бәрі басқаша еді, басқаша...
...Айналаны албастыдай басып жатқан ақ қар, көк мұз ептеп жіби бастаған. Сонау бір шеткеректе бір топ ағаш үрпие өсіп, сол ағаштың жапырағынан тоналып, сидиған бұтақтарына бір топ құс ұшып қонады. Жолдың қары әуелі шылқи езілсе, ала бұлтты аспаннан оқта-текте сығалап қалар күн жарықтық, көп ұзамай келер көктемнің жып-жылы хабарын жеткізеді. Ауада майда желемік бар-ау деймін. Қыстай қар астында ыңырсып жатқан қара жер, үстіндегі су болып жатқан мың батпан жүгінен-күпісінен құтылар күнді ойлап уайымдағандай.
Жылымық! Ақырған аяздың дәурені бітіп, бұл өңірге жылымық ұялағаннан бермен, қайғы жұтып жүдеген далада қыбыр-қыбыр қозғалыс барға ұқсайды. Анау, адамдардың ұлы табаны тиіп, бой-бойы шыққан ылжыр жолда бала жетелеп бара жатқан шаруаның қазіргі халі қандай екен? Менің айтып отырғаным В. Васильевтің «Жылымың» атты суреті екені есіңе түскен шығар. Өйткені біз дәл осы мезгілде танысып едік қой. Бұл сурет жайлы өз ғұмырымда әңгімелеп те, жазып та тауыса алмас едім. Оның кереметтігі, тіпті суретшінің асқан талантынан гөрі біздерді таныстырған дәнекерлі қуатында шығар.
Біз келе жатқан санаторийді Тасбөгет деп атайды. Сары күшіктей сары ала автобус иір-иір жолмен таудың басына қарай алып қашты. Ертеректе төсеген цемент жолдың әр тұсы ойылып, жер ошаққа айналып, жылбысқалана еріген қар суына толып жатыр. Автобус әлгі суды шалп еткізіп басқанда, жол шетіндегі таза қардың аузы-мұрнын бұзып, саталақтап кетеді. Ондайда бейқам отырған жолаушылар қопаң етісіп, дел-сал халін сілкіп-сілкіп алғандай болады. Маған орын тиген жоқ, түрегеп тұрдым да, бағана сатып алған қолымдағы суретті оң жақ терезе тұсында отырған жас қызға ұстатып қойғанмын. Қыз, шынында да, әдемі еді. Он екіде бір гүлі ашылмаған, қулық-сұмдықтың есігінен сығалай қоймаған; өмірге, айналасындағы адамдарға деген сенім-түйсігіне қылау түспеген, таң сәрі шағындай. Үнемі ой үстінде, терезеден анау алабажақ тау-тасқа қарап отырған соң, жұрттың көзінше тіл безеуді артық санадым, әмбе әлдекімдердей бір көрген қызға қырындап сумақайлана беру — ғадетіме жат
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)