ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
ФОМА АКВИНСКИЙ
(1225/26-1274)
(Аударған Н. Байтенова)
Фома Аквинский — Ұлы Алберттің шәкірті, теолог, монах - домикандық, 1323 ж. әулиелер санатына қосылған.
Фома Аквинскийдің философиялық жүйесін объективтік-идеалистік деп сипаттауға болады, ол Аристотель философиясын теологиялық тұрғыдан түсіндірудің негізінде, аристотелизмді христиандық ілімге бейімдеді.
Ф.Аквинский философиясының негізгі принципі сенім мен ақылдың гармониясы. Осыған байланысты, оның ілімінің негізгі мақсаты — сенім мен ақылдың арасында тек қана айырмашылық қана бар емес, сонымен бірге олардың арасында гармонияға негізделген бірлік те бар екенін көрсету. Оның пікірі бойынша ақыл Құдай болмысын рационалды негізде дәлелдей алады және сенімге деген күмән келтірушілерге де тойтарыс бере алады.
Ф.Аквинский ибн-Рушдтың ақиқаттың екі жақтылығы деген іліміне католицизм тұрғысынан қарсы шығып, екі қағиданың арасындағы қарама-қайшылық, оның біреуінің дұрыс емес екендігіне дәлел болады деп есептеді. Құдайлық ашылуда ешбір қателік болуының мүмкін еместігіне байланысты, сенім емес ақыл, теология емес философия ғана қателесуі мүмкін деген қорытындыға келеді.
Форма мен материяның арақатынасы туралы мәселені Фома діни - идеалистік тұрғыдан шешеді: материя жоғарғы формасыз, яғни Құдайсыз өмір сүре алмайды, ал Құдай дегеніміз таза рухани құбылыс. Құдай өзінің жаратқандарына жай ғана форма емес, болмыс сыйлайды, ал ол форма арқылы нақтыланады.
Ф. Аквинский
ПҰТҚА ТАБЫНУШЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ. ҚҰДАЙЫЛЫҚ АҚИҚАТТЫ ҚАНДАЙ ТӘСІЛМЕН МАЗМҰНДАУҒА БОЛАДЫ
Шындықты мазмұндаудың барлық тәсілдері бірдей емес, бірақ шын мәніндегі білгір әр затты өзінің табиғаты қаншалықты деңгейде рұқсат етсе, соншалықты деңгейде түсінуге тырысады. Философ (1) Боэцийдің айтуынша, ең алдымен берілген шындықтың қандай тәсілмен мазмұндалатынын көрсету қажет.
Біздің Құдай туралы айтуымызда ақиқаттың екі түрі бар. Құдай туралы адамның ақыл-ойының барлық мүмкіншіліктерінен асып түсетін мынандай да шындықтар бар, мысалы, Құдай көп және жалғыз. Ал, кейбіреулері табиғи ақыл-ойға түсінікті (2), мысалы, Құдай бар, Құдай жалғыз және тағы сол сияқтылар.
Алайда ақылға сиятын Құдайлық қасиеттердің арасында адам ақыл-ойының табиғат мүмкіндіктерінен әлдеқайда жоғары тұратындары бар. Шындығында да, ақылдың белгілі бір зат туралы жинаған білімдерінің бастауы осы заттың субстанциясына жеткендігі болады. Философтың (3) оқуына байланысты, дәлелдеудің бастауы — ол зат: яғни бұл заттың субстанциясы қалай түсінілсе, ол зат туралы барлық нәрселер де солай танылуы қажет. Міне, сондықтан, адамның ақылы бір заттың субстанциясына жетсе, онда бұл заттың бірде - бір ақылға сиымды қасиеттері адам ақыл-ойының мүмкіндіктерінен аспайды. Бірақ Құдайды тануда барлығы басқаша болады. Өйткені адам ақылының табиғи қасиеттері оған оның субстанциясын қамтуға жол бермейді: біздің ақылымыз, біздің қазіргі өмір салтымызға байланысты тануды сезімдерден бастайды. Сондықтан сезімдермен қабылданбайтын нәрсеге адамның ақылы жетпейді немесе оның танымы сезімді елестерден құралған деңгейде ғана жеткілікті болады, алайда сезімді елестер біздің ақылымызға Құдайлық субстанцияның қандай екенін көрсете алмайды. Өйткені олар — себеп күштері тең емес әрекеттер. Осы сезімді елестерден шығып, біздің ақылымыз Құдайды тануда Құдай бар дегенді мойындауға келеді. Сонымен, ақылға сиятын Құдайлық қасиеттердің арасында адамның ақылы жететіндері де, сондай ақ оның мүмкіншіліктерінің шегінен тұтастай шығып кететіндері де бар.
Мұны ақылдың әр түрлі деңгейлеріне байланысты да көруге болады. Егер екі адамның біреуі бір затты тар мағынада түсінсе, ақылы жоғары дамыған екіншісі оған қарағанда әлдеқайда кең түсінеді
Ортағасыр­лардағы ой­шыл­дар. Фома Ак­вин­ский
Пікір жазу үшін кіру не тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды