b9024693052has quoted8 years ago
Мына қанжарды мен аламын. Көкемнің көзі болсын. Бұдан басқа қалған заттары бар ма, түп нағашы?
– Мылтығы бар еді. Бір қадақ ұнға айырбастап жібердім. Киім-басы жүдеу болатын әкеңнің. Қалтасынан мына бір сақина табылған. Мә, бұ да бір белгі шығар. Рысқұл жиен Сібірде алтын қаздық дегенге, алтын сақина ма деп әркім-әркімге көрсетсем, алтын емес дейді.
– Мұны да маған беріңіз.
Тұрар көзілдірігін нығарлап қойып, сақинада сиқырлы жазу бардай, сонда әкесінің сыры сақтаулы жатқандай, әрі-бері айналдыра қарады. Кәдімгі қара темір, егеуі көшіп, көмескіленіп қалыпты. Тұрар сақинаны аппақ бәтес орамалға орап, қалтасына сала берді.
– Көкем маған мұраға қора-қора қой, үйір-үйір жылқы қалдырмады, түп нағашы. Көкем маған мұраға тек есімін ғана қалдырды. Оның өзінен де айырылып қалып, «Қырғызбаев» болып жүріп, Рысқұлов деген фамилияға әрең жеттім. Сондықтан мына қанжар мен сақина менде болсын. Қанжар – қаталдық. Көкем маған: «Жауыңа қатал бол!» – деген шығар. Сақина – татулық. Көкем маған: «Досыңа адал, тату бол!» – деген шығар. Менде жау да, дос та бар, түп нағашы. Шамаң келсе, көкемнің қабіріне қарайлай жүр. Кейінірек келіп, басына белгі қоярмын. Күмбез тұрғызбаймын, керегі жоқ, бәрібір мәңгілік емес. Сыпатайдың күмбезі де құлап жатыр. Қош, көке! Қош, түп нағашы!
– Оу, жиеншар, бірдеңе десеңші! – деп ышқынып қалды Дәуіт шал күйме соңынан.
– Көп кешікпей жауап болады, – деген дауыс естілді күйме ішінен.
Қос ат жеккен қара күйме қоңырауы бебеулеп жолға шықты. Шеңгел қоңыраулары күйме қоңырауына қош-қош айтысты. Сояу бұтада зер қабық желбірейді.
Ұлы Жылан жылы еді.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)