Айнура Даулетиярhas quoted7 years ago
Омбының учительская семинариясын бітіріп, 1916 жылы май айында Ақмола уезіне келдім. Күзге қарсы Ақмола уезінде Нұра өзенінің бойындағы Бұғылы елінде жаңа ашылмақ ауылдық школаға бала оқытуға тағайындалдым. Оқу басталуына екі-үш айдай бос уақыт болған соң, сол жылы жалпы Россияда болған ауыл шаруашылығының санақ қызметіне кірдім.
Ақмола уезінің барлық қазақ елін оңтүстікке және солтүстікке бөліп, екі жағынан екі санақ комиссиясы шықты. Оңтүстікке шыққан санақ комиссиясының бастығы Томск университетін сол жылы ғана бітірген Асылбек Сейітұлы болды. Солтүстікке баратын санақ комиссиясының бастығы мен болдым. Біз бес кісіміз. Аралап есебін алатын еліміз — он екі болыс ел.
Жаздың басы. Елге шықтық. Ақмола қаласынан күнбатысқа қарай шыға отыз бес шақырым Есіл бойындағы елге барып түстік. Елінің болысын, старшындарын жинап, келген жұмысымыз туралы түсіндіріп, елді жинатып, малының, жанының, егінінің, соқа-саймандарының, нұсқаларымыз бойынша санағын ала бастадық. Ол елдің санағын алып болып, Есіл бойын жағалап, екінші елге жүріп кеттік. Және ол елдің санағын алып болып, Ақмоланың «Ақсирақкөл» деген Атбасармен шектес, ең шеткі бір елге барып түстік. Елінің көбі «Шұбыра» деген жерде. Болыс, старшын, тілмаш, поштабайлармен «Шұбыраға» келдік.
«Шұбыра» деген — қалың, жиі, сулы томар. Томардың іші, айналасы, маңы — жайқалған көк шалғын. Ұшы-қиыры жоқ тәрізді, ылғи белес. Әр белестің асты ойпаң томар. Маңайда көрінген тау да жоқ, орман да жоқ, адыр да жоқ, жалғыз-ақ белес-белес пен көк иір қалың томар. Шұбыраның қалың ел отырған жерінде кішкене өзенсымақ бар. Белес те, томар да, жай ойпаң жер де — бәрі де көгал. Бәріне де тұтас жасыл кілем жайғандай. Жасыл кілемге түрлі жібекпен кестелеп түр салғандай. Жаздың басы. Жаздың тамылжып тұрған жас уақыты. Суы молырақ томардың басында, өзен өлкесіне жағалай, айнала жайылып тізіліп отырған қалың ел. Бізге оңаша, бір томардың басына үй тікті. Болыс, старшын, тілмаш өздеріне де бізбен қатар бір үй тікті. Көк шалғынға тіккен үйлерге төсеніш керек те емес. Сонда да көк шалғын үстіне кілем төседі. Үйге қазақша дөңгелек аласа үстелдерді әкеліп орнатты. Тіккен үйге кіріп, қағаздарымызды жайып тастап, жиналған жұрттан санақ ала бастадық.
Он екі болыс елдің бір шеті мен бір шеті мың шақырымдай.
Бұл ел — бай. Бай ел күйлі. Қымыздың мол уақыты. Қазақ ұйқысы қанып тұрғаннан кешке шейін мең-зең, алқа-салқа болып қыдырып қымыз аулауда.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)