Жанна Сауирбайhas quoted8 years ago
Әлемдегі бізге көрінетін құбылыстардың бәрін жасаушы соқыр тағдыр дейтіндер үлкен қисынсыздық жағындағылар, өйткені саналы ақыл иелерінің соқыр тағдырдан жаратылуынан асқан қандай өрескелдік бар?
Демек, бастапқы парасат бар; ал заңдар дегеніміз — соның өзге тіршілік иелерімен және де түрлі тіршілік иелерінің өз арасындағы бір-бірімен екі жақты қатынастары.
Құдай әлемге жаратушы және сақтаушы тұрғысынан қарайды; ол қай заңдармен жаратса, сол заңдарымен қорғайды; ол осы заңдарды біледі, білгендіктен солармен әрекет етеді; оның сол заңдарды білуі өзінің оларды жаратуынан шығып отыр, ал жарату себебі — ол заңдар Құдайдың өзінің даналығы мен құдіретіне сай екендігінен шығады.
Ақылдың қатысуынсыз және материяның қозғалуынан туған, санадан ада әлемнің үздіксіз тіршілігі оның бүкіл қозғалыстарының тұрақты мызғымас заңдарға сай екендігі туралы, сонымен бірге, бар әлемнің орнына қандай да бір қиялдағы басқа әлемді қойып көрсеңіз де, оның бәрібір осы бұлжымас ережелерге тәуелді болуы немесе жойылып кететіндігі туралы қорытындыға әкеліп тірейді.
Осылайша, өктемдік әрекет тәрізді болып көрінетін жаратылу ісінің негізінде атеистердің болмай қоймайтын жазмышы — тағдыры сияқты қажеттілікпен болатын бірқатар ережелер тізбегі болады деп ұйғару қажет. Жаратушы әлемді ол ережелерсіз - ақ басқара алатын еді деп ойлаудың өзінің ешқандай қисыны жоқ, себебі оларсыз әлемнің өзі де болмас еді.
Бұл ережелер — мәңгілікке орныққан қатынастар. Мысалы, осылайша қозғалыстағы екі дененің барлық қимылдары мен бір-біріне әсері сол денелердің салмағы мен жылдамдығының өзара қатынасына қарай үдейді, саябырсыйды, баяулайды немесе тоқтайды; біз дене қозғалысын сол арқылы қабылдаймыз, өйткені әрбір айырмашылық негізінде біркелкілік және де әрбір өзгерісте тұрақтылық жатыр.
Кейбір саналы тіршілік иелерінің өздері де үшін заңдар шығара алады, сонымен қатар, оларда өздері шығармаған заңдар да бар. Саналы тіршілік иелерінің шындыққа айналғанға дейін де, болмысқа келмей тұрып та болуы ықтимал. Демек, олар мүмкіншіліктегі дүниеде болды, ендеше, олардың арасындағы қатынас та, олардың заңдары да осындай ықтималды, орын алуы мүмкін дүниелер. Адам шығарған заңдардан ілгеріде әділетті қатынастардың болуы тиіс еді. Оңды заңның ұйғарған немесе тыйым салғанынан тысқары не әділетті, не әділетсіз ешнәрсе жоқ деу, шеңбер сызылмай тұрып, оның радиустары өзара тең емес еді дегенмен бірдей болып табылады.
Демек, әділетті қатынастар оларды бекіткен оңды заңнан бұрын болғандығын мойындауымыз керек. Мысалы, адамдар қоғамы бар болса, адамдардың сол қоғамның заңдарына бағынуы да әділетті болмақ; егер саналы тіршілік иелерін жарылқаушы жан болса, оңда олардың оған деген ризашылық сезімі болуы тиіс; егер саналы тіршілік иесін басқа ақыл иесі жаратқан болса, онда олар өмірінің алғашқы кезеңіндегідей, тәуелділікте қалуы керек; егер саналы тіршілік иесі өзге саналы тіршілік иесіне зұлымдық жасаса, онда оның өзіне де соның қайтарымы болатындығы белгілі, қылығына қарай жазалануы да орынды және т.б. Бірақ саналы тіршілік иелерінің әлемі, әлі де болса, заттар әлеміндегідей, жеткілікті кемелділікпен басқарылмайды, себебі ақылды жандар әлемінің табиғатынан бұлжымас заңдары бола тұра, оны адамдар заттық әлемнің өз заңдарына деген тұрақтылығындай тиянақтылықпен ұстана қоймайды. Оның себебі мынада: жекелеген саналы тіршілік иелері табиғатынан шектеулі келеді және оларға табиғатынан өз ынтасымен талаптанып әрекет ету тән болғандықтан да адасуға бейім тұрады. Нәтижесінде, олар өздерінің бастапқы заңдарын бұлжытпай орындауға құлықсыз, кейде, тіпті, олар өздері үшін өздері шығарған заңдарға да әрдайым көне бермейді. Жануарлардың жалпы заңдарға, әлде қандай да бір ерекше қозғалыс заңдарына қаншалықты бағыныштылығы белгісіз. Қайткен күнде де олар, өзге заттық әлемдей, Құдаймен етене жақын байланыста емес; олардың сезіну қабілеті тек бір-біріне өзге тіршілік иелерімен және өзіне деген қатынасы үшін ғана қызмет етеді. Олар өзіне тән рахаттану сезіміне құштарлықтан олардың өзінің жеке болмысын қорғау құралын табады және де осы құштарлық, ынтықтық олардың ұрпағын жалғастыруына қызмет етеді. Сезіну қабілеті арқылы біріккендіктен олардың табиғи заңдары бар, ал танымдық қабілеті арқылы бірікпегендіктен, оңды, болымды заңдары жоқ. Бірақ олар өздерінің табиғи заңдарында бұлжытпай ұстанбайды;не сезім, не сана көрініс бермейтін өсімдіктер оларға қарағанда бұл заңдарды жақсы ұстанады.
Жануарлар бізде бар биік артықшылықтардан ада, оның есесіне, оларда бізде жоқ ерекшеліктер бар. Оларда біздегі ,үміт жоқ, бірақ біздің қорқынышымыздай қорқыныш та жоқ; олар да біз сияқты өлгенімен, оны ой-санадан өткізіп, біздей түйсінбейді; олардың басым бөлігі өздерін бізге қарағанда жақсы қорғайды және біз сияқты әсіре құмарлыққа салынбайды.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)