Алиби Казкенhas quoted7 years ago
I
1921 жылдың күзі еді.Хамит қызмет қылып жүрген оязда бандылар шыға бастады. Бір жерде екі кісі, бір жерде үш кісіден құралып, винтовка,алтыатар, қылыш, бомба асынған бандылар, күшігін алдырған қасқырша кезіп, елдің тағы да үрейін ала бастады. 1919 жылғы Колчак әскері мен қызылдың әскері қаптап ерсілі-қарсылы шабуылдасып, қашқылықты-қуғылықты әскердің шалығы тиген ел соғыс дүрбелеңі басылған соң, "уһ!" деп дем алғандай болып еді. Енді 1921 жылдың күзіне "банды" деген бәле шыға бастаған соң, момын шаруа тағы да тыныш ұйықтай алмауға айналды.Бандылар бүгін бір жерде көрінсе, ертең барып күндік жерден шығады. Таңертең, я түнде бір ауылға жердің астынан шыға келгендей жетіп, құтырған қасқыр тигендей, қатын-баласын шу еткізе түседі. Мылтық атып ауылдың иманын үйіреді. Момын жұртты малынан, жанынан түңілтеді. Жақсы ат, жақсы киімдерін қолша алып кетеді. "Тығулы мылтықтарың бар, оқтарың бар,тез тауып бер" деп қолына түскен еркекті қып-қызыл ала қылып тепкілеп, мылтық дүмдерімен мыжғылайды. Қатын-баланы да сабайды, жәбірлейді. Үйді талқандайды. Елде жүрген милиционерді андып, ұстап, қарсылық қылғандарын өлтіріп, мылтықтарын алып, өлікті мыжғылап, боршалап кетеді.
Елдегі бірен-саран коммунистерді өлтіріп, отап, бөлшектеп кетеді. Кей елде болаткомның төрағаларында өлтіріп кетеді. Кей елде атқа таласқан, дүниеге таласқан адамдарды атып кетеді.Жалғыз қазақ арасында ғана солай емес, орыс поселкаларының да коммунистері қолдарына түссе, әлгідей қылып кетеді. Өздері көп ұстатпайды. Көбінесе орман ішінде жүреді. Дәйекті мекендері жоқ. Тұрақсыз жел тәрізді. Құтырған құйын тәрізді.Қазір мұнда болса, енді біраздан соң жоқ болады, тағы да бір жерді барып шулатады. Бірақ жұрттың бәріне бірдей тие бермейді. Жалпы елге, әсіресе орыс поселкаларының халқына талдап тиеді. Совет өкіметіне салық ретінен наразы болып жүрген кейбір бәйшікеш мұжықтармен астыртын сездес болып, байланыс жасап жүргендері де сезіледі. Және кейбір қазақ байларымен де астыртын жақындасып жүргендері байқалады.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)