Венера Молдакуловаhas quoted8 years ago
БАЛУАН ШОЛАҚ
повесть
Босанған Нұрмағамбет, екі себеппен Қайрақтыға оралмай ауылына қайтты, бір себебі — қапымды тауып өлтірмей қоймайды деп Пропадко тұқымынан қорқу; екіншісі — жазықсыз жаза тартып үй - орманымен құрып кеткен Кургановтардың, «Пропадколер бұзып әкетіпті» деген жұртын көргісі келмеу.
Осы себептермен жайлауда отырған еліне қайтқан ол, салысы суға кеткен адамдай, салбыраңқы қабақпен үйінде тұрып жатты. «Алда не істеу керек?» дегенді, ол алғашқы күндері ойлаған да жоқ, ойлауға шамасы келген де жоқ. Оның басын билеген жалғыз ой — Пропадко сияқты күштілердің, Кургановтар сияқты әлсіздерге көрсететін қорлығы.
Ол сондай ауыр ойда жүрген күндердің біреуінде, оның көзі де, жайлаудағы жұрттың көзі де бір атты мініп, бір атты жетектеп, ауыл - ауылдың арасында шоқыта шапқан біреуге түсе кетті.
— Е, қайда барасың? — деген сұрауға:
— Тоқсанбай байға ас11берілетін еді, соған сауын22айтып жүрмін, — деп жауап берді ол.
— Қашан болады, ол ас?
— Енді бір айдан кейін.
— Қанша елді шақырды?
— Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Қарқаралы, Кереку, Қызылжар, Омбы — осы жеті ояздың елін түгел шақырды.
— Ойпырмай, оған не деген ас шақ келеді?!
— Тоқсанбайдың өз малынан мың қой, жүз ту бие, ілік - шатыс, құдандасынан жүз елу ту бие, мың жарым қой, барлығы — екі мың жарым қоймен, екі жүз елу жылқы сойылады, солардың еті жетпей ме? Қымызына жиналған жұрт өзі әкеледі.
Бір ай асқа әзірленген жұрт сабаларын екі доңғалақты қазақ арбаға артып, біреу салт, біреу арба жегіп... дегендей, Тоқсанбай аулына, жан - жақтан ағыла бастады. Ормансыз жазық кең дала, құмырсқаның илеуіндей қыбырлаған адамнан көрінбей кетті.
Бұл топтың ішінде Нұрмағамбет те жүрді. Ойы жүдеген шақта бойы да жүдеген оған, асқа аттанарда шешесі ұрысты. Нұрмағамбеттің еркіне салса, бұл асқа бармас та еді. Өзге жұрт жиналып жатқанда үйінде бейғам отырған оған:
— Сен неге отырсың?—деді Қалампыр.
— Жәй...
— Асқа бармаушы ма ең?
— Не алам, содан?
— Жоқ, барасың!—деді шеше, бұйырған дауыспен,— немене, жүнжіп кеткенің? Осындай жігіт бола ма екен, басына түскен бір іске мұқап қалған?.. Көрсетпе, ол қылығыңды көзіме! Бар, асқа!.. Және бұл жүдеген түріңмен емес, жақсы киініп, ер-тоқымыңды жақсылап бар!..
Бұйрығына көндірген шешесі, «ауылға келгенде киесің» деп даярлатып, сандығына салып қойған қазақы жақсы киімдерін, «Нұржан ғана мінеді» деп, өзгеге ұстатпай, кереге басына іліп қоятын жақсы ер-тоқымын берді де, биыл бесті шыққан жақсы атын мінгізіп, баласын ауылдан көріктендіріп жөнелтті.
Ондай ас пен тойда елдің аузындағы сөз — балуан жігіт пенен жүйрік ат!
Жеті ояздан жиналған жұртта, бәйгеге қосылатын мыңға жақын ат бар, солардың ішінде ерекше ауызға алынған Ақан серінің Құлагері. «Белдемесінде қанаты бар дейді, аз шапқаннан кейін құс боп ұшып кетеді дейді», деседі жұрт ол туралы. Талай саңлақтың иелері Құлагерді барлайды да, өз атынан түңіледі. «Құлақ естіген жерде бұрын бәйге бермеген Құлагер, бұл жолы да шалдырмас» деседі жұрт.
«Бәлен балуан кепті, түген балуан кепті!»—деген күңкілдердің ішінде ауызға ерекше түскені «Қарақыпшақ Қобыланды батырдың ұрпағы - мыс деген «Түйе балуан» атанған біреу. Көріп қайтқандар ол туралы шошына сөйледі:
— Білектері адамның санындай, саусақтары білектей, саны кеудедей, кеудесі кигіз үйдей, құлағы тебінгідей, басы қазандай, аузы жырта қарыс, екі ерні — екі кесек ет, түксиген қабағына біткен қалың қас желкілдеп кішкене көзін жауып тұр, тұла бойы түксиген жүн, қылдары жылқының ту құйрығынан қатты, бойының тұрқы — нар түйедей, екі иығына екі кісі мінгендей, сөйлеген сөзі — арыстанның күрілдегені сияқты. Мойны бұрылмайды, — қараған жаққа бар денесімен қозғалады, бір жегенде бір қойдың етін жүк көрмейді, бір сүйретпе қымызға сусыны әрең қанады!..
— Онымен кім күресер екен?—деседі жұрт.
— Әй, ешкім күреспесе, өлгісі келген біреу болмаса!..
— Қап! — дейді біреулер өкініп, — бас балуанның бәйгісі түйе мен ат бастаған, құндыз бен жібек шапан қосқан жүз ірі қара деп еді, сол бәйгіні енді күрессіз алады - ау, сабаз!..
— Қой, — деді біреулер, — түйе балуанды туғызған ел сол сияқты бір ұлды тағы да туғызбады деймісің. Ел ғой, біреу табылар.
— Әй, кім білсін!..
Асқа төрт рудан жиналған еді: Арғын, Қыпшақ, Керей, Уақ.
Әдетте «Арғын аға баласың» деп, аста, тойда бас балуан шығаруды ел Арғынға ұсынатын. Бірақ бұл жолы Арғынға жол тимеді. Себебі: ас беріп отырған Тоқсанбай, Арғынның «Атығай» дейтін бұтағынан, ас берген елге бас балуанның жолы келмейді.
Ендігі күресетін Қыпшақ пен Керей. Керей мен Уақ ағайындас. Тойда, аста олар бірге отырады.
Асқа жиналған жұрт етін жеп, қымызын ішкеннен кейін, біреу құрықтың басына екі кез қызыл матаны байлап, «ат шабар! ат шабар!» лап, Көксеңгірдің Көктөбесінің биігіне шаба жөнелді. Арбалылар да, салттылар да, жаяулар да соның соңынан шұбап, қыртысы қалың, жасыл көделі жердің шаңдағын аспанға шығарды. Қою шаңнан тұман басқан жер беті буалдырланып кетті. Көп кешікпей, құмырысқадай құжынаған жұрт, үлкен қара жолды ортаға ала, екі жарылып отырды. Жолдың бір жақ бетінде — Қыпшақ, екінші жақ бетінде — Керей мен Уақ; Арғын асқа жиналған жұртқа қызмет етті.
— Кем болса жиырма мың халық бар шығар, — десті көпшілікті көзімен шолғандар.
Әдетте күрестен бұрын бәйгінің аты кетеді. Асқа жиналған мыңға жақын жүйріктен іріктеліп кеп үш жүздей ғана ат бәйгіге қосылатын болды, себебі — әр елден озып келген жүйріктің иелері: бағын сынау үшін аттарын «Көксеңгірдің Көктөбесінен» елу шақырым жердегі Сілеті өзенінен жіберуді тілек етті. Сол тілек орындалып, Сілетіден ертең ертемен жіберетін боп, қоналқаға аттарды шабарман айдады. Жиын жұрт бүгінгі мәжілісті балуан күрестіру қызығымен өткізбек болды.
Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген Қыпшақ «Түйе балуанын» шешіндірді. Түйе балуан күресерде қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шалбар киіп, ышқырына қайыс белбеу өткізіп, белін тас қып буады екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн шекпенін жамылып отырып, күресерде оны сыпырып тастайды екен.
Сол әдетін істеп, түйе балуан қара жолдың жиегіне кеп отырады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді — «Түйе балуан»ға еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды.
— Кәне, қайсың шығасың!—деп Керей, Уақ дәмелі балуандарының бәріне айтып еді, біреуі де шыққысы келмеді. Керейдің ішінде: сегіз оязға аға - сұлтан болған Сағынайдың «Паң» атанған Нұрмағамбеті отыр.
Түйе балуанмен күресер адам Керейден шықпағанына Нұрмағамбет ызаланып:
— Баяғыдан бері Керей, Уақ қатын алған жоқ па ең? Сенен ұл туған жоқ па еді? Ер тумай, жер туып па еді? «Елмін» деп неге айтатын ең, өзіңді? — деп ақырды.
Осы кезде: ұзынша бойлы, жауырынды, бірақ белі талдырмаш, үлкендеу бота көзі ойнақшыған, жоғарғы ерні жаңа ғана түбіттене бастаған атжақты, сары сұр әдемі жас жігіт, ор қояндай ойнақтаған жеңіл қимылмен, ептеп басып кеп, оң тізесін бүгіп Нұрмағамбетке сәлем беріп, қолын ұсынды. Нұрмағамбет «Бұл кім?» дегендей жас жігітті көзімен шолып еді: ақ ботаның түбітінен тоқыған, қарала батсайымен өңірін, етегін әдіптеп, жағасына төрт елідей құндыз ұстаған қынама бел қамзолы бар жасыл жібекпен тыстаған, оң жақ құлағын жымқыра киген ақ бұйра, жөкей тымағы бар, аяғында кебісін күміс шегемен әлеміштеп, желкесін көк сауырлатқан, өкшесі биік «Қосай - қолашы11» бар.
Нұрмағамбет «Паңмен» үйде де, түзде де өзі ұлықсат етпей ешкім амандаспайтын еді. Мына жігіттің екпіндеп кеп қол беруі оған ұнамады.
— Кім баласысың?—деді, ол семіз бетін тыржита қарап.
— Әкемнің аты Баймырза, — деді жігіт екілене сөйлеп, — өз атым Сіздің атыңыз сияқты — Нұрмағамбет.
— «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген сөз бар еді, — деді Нұрмағамбет, жігіттің аты өзімен аттас болғанын ұнатпай, — атың жақсы екен. Қай елсің?
— Іргелі ел емеспін. Аз атаның баласымын. Арғы тегім Үйсін. Абылай ханның заманында атам батырлықпен ерігіп кеп, Керейден қатын алып тұрып қалған екен. Содан тараған төрт - бес үй бармыз. Керейдің бір ауылында отырған кірмеміз. Ал, Паң ата!—деді Нұрмағамбет сөйлегісі келген паң Нұрмағамбетті кимелеп, — рұқсат етіңіз, Керейдің аруағын шақырып, Қыпшақ балуанымен күресейін деп едім. «Ер жігіттің үш жұрты бар, біреуі — өз жұрты, біреуі — қайын жұрты, біреуі — нағашысы»— деп еді. Задым Үйсін болғанмен, Керейдің қызынан туған мен де Керейдің бір баласымын.
Паң Нұрмағамбет, жігітке жауап берудің орнына айнала қарап еді, қоршап отырған ақсақалдар «жіберіңіз» деп өтінді.
— Бар, — деді Паң.
Жігіт қуанып жүгіре жөнеліп, қоршаған көптің арасында шешініп жатқанда:
— Есер неме емес пе? — деді Паң, — ұятқа қалдырмай ма?
Әлдекім оған Нұрмағамбеттің серілікте көңілі бар жігіт екенін және Қайрақтыда басынан кешкен халын қысқаша баяндап берді.
— Бәсе, айттым ғой, есер деп. Есер болмаса, өзі кедейдің баласы дейсіңдер, әлгіндей оңды киім кие ме? Енді жалшылыққа тұрғысы келмей жүрген біреу ғой. Жасы нешеде екен, өзінің?
— Биыл жиырмаға шығатын болар.
Паң ойланып қалды. — «Ә, — деп ойлады ол ішінен, — жасына қарағанда денесі сойқан екен. Мынау тегін болмас!».
Кешікпей көптің көзі ақ балтыры ашық күнге күмістей жалтырап, аяғын ойнақтаған құлындай жылдам басқан сидам жігітке түсті. Жігіттің үстінде: қой жүн шекпен, жеңін түрген.
«Я, аруақ, қолдай гөр!»—деген дауыс Керей, Уақ жағында қаққан қоңыраудың дауысындай тұтасып күңгірлеп кетті.
Ол кездегі ауыл әдетінде қара жолды балуан аттамайды. Нұрмағамбет оны тыңдаған жоқ, қасына ергендердің «тоқта!» дегенін елең қылмай өтіп кетті. «Қап!—десті Керей жағы, — кесірге ұшырамаса жарар еді, жолды аттады - ау!».
Түйе балуан да түрегеледі. Дағдылы көзге ортадан жоғарырақ көрінетін Нұрмағамбет бойының биіктігі, Түйе балуанға қатарласқанда байқалды, — өзге адам кеудесінен келмейтін Түйе балуанның бұл иығынан келеді екен.
— Ә, сенбісің, Керейдің балуаны? — деді ол күрілдеп,— атың кім?
— Кейін сұрарсың әуелі күресейік.
— Жарайды, оқасы жоқ! — деді ол Нұрмағамбетті менсінбегендей, қымсынбай, — ендеше, қалаған жеріңнен ұста, бала!
Нұрмағамбеттің шолақ қолы Түйе балуанның беліне буынған қайысқа шап ете түсті. Белбеуді ол, қолына қапсыра бір орап алды. Өзгемен күрескенде Нұрмағамбет құшақтап көтеретін еді, мынау оған болар емес, беліне адамның құшағы жетпейтін, атан түйедей бірдеме!..
Жас жігіттің жұдырығының тегеурінділігіне қарап «күші бар екен», деп ойлады Түйе балуан, сонда да аса қауіп қылмай, шекпенінің екі өңірін кеуде тұсынан қапсыра ұстады да, бір қолын бос жіберіп:
— Ал қимылда, бала!—деді.
Сол кезде Нұрмағамбет Түйе балуанның сол жақ бүйірінен де ұстап, оң жамбасқа ала сілтеп кеп қалып еді, Түйе балуанның оң тізесі бүгіліп барып, әрең дегенде түрегелді.
— Жықты! Жықты!.. — десті Керей жағы жүгіріп. Әдетте тізесін бүксе балуанның жығылғаны.
Екі жақтан да жігіттер жүгірісіп жанжалдасып жатыр еді:
— Тоқтаңдар!—деді Нұрмағамбет айқайлап, — жоқтағандарың, менің намысым болса, кейін қайт, Керейдің баласы! Тізесін бүгіп бәйгі алмай - ақ қояйын. Бағымнан көрем, қайта күресем.
Екі жағы балуандарды жіберіп, кейін шегінді.
Бұрын мұндай күшке кездеспеген Түйе балуанның ашудан бетіне түгі шықты. Нұрмағамбетті езіп тастауды ойлаған ол, денесінің әр тұсынан ұстап еді — темірге тигендей батпады, бұлтыңдап ойнаған бұлшық еттері уысын кейін серпіп жіберді. Денесін қапсыра көтеруге келтірмейтінін көрген соң, Түйе балуан белінен омырмақ боп, құшағын айқастырып алып, олай да, бұлай да бұрады, кейде ұршықтай үйіріп алып та кетті, бірақ, қалай сілтесе де тік түсетін бір тамаша!
Ызаланған Түйе балуанның самайынан тері, аузынан көбігі ағып, енді жағадан ап үйіруге ойлаған кезде, Нұрмағамбет оның ішіне кіріп кетіп, түйедей денесін иыққа сап арқалай жөнелді. Сол қалыппен бұлқынған балуанды босатпай, арқалап жүріп, үйіріп - үйіріп, сылқ еткізіп шалқасынан тастап кеп жіберді. Құлаған балуанның екпінінен жер солқылдағандай болды. Нұрмағамбет ор қояндай ойнақтап, Керейге қарап жайнаңдай жөнелді. Түйе балуан жығылған орнынан тұра алмай қалды.
— Қабырғам!—деді ол ышқынып, басын көтерейін дегендерге, — сынды білем...
Нұрмағамбетті Керей жағы төбелеріне көтеріп әкетті. «Сені тапқан анаңнан айналайын... Күшіңнен айналайын... Көп жаса!»... деген дауыстар даланы басына көтерді.
Бір уақытта Паң Нұрмағамбет төңірегіне қараса, аз ғана ақсақалдан басқа жан жоқ. Жұрттың қоршағаны балуан Нұрмағамбет.
— Отырсын түге, шуламай! — деп Паң ақырды,— не бар, даурығатын?
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)