inabat
inabatдәйексөз қалдырды5 жыл бұрын
кіжінемін де, атаңның басы менің мамам тиер саған, деген сөзді айтамын. Үйге кіре беріп, мен мотоцикл дөңгелегін теуіп жібердім. Кім иемденсе, соған құлшылық ететін меңіреу техника бұған не жауап қатсын. Зырқ етіп, бір тербелді де, үнсіз қала берді. Ауыз үйде әжем күбі пісіп тұр екен. Ертеден қара кешке бір тыным алмайтын бейнетқор әжем-ай. Күмпілдетіп піскенде, қарашы, күбінің түбін түсіре жаздайды. Орамалы сырғып, желкесіне түсіп кеткен. Көпті көрген бурыл басы бусанып, тер иісі келеді. Қолымдағы допты тарс еткізіп, босағаға тастай бердім де, мен сол екпініммен төр үйге қарай беттедім. Жұмысын дереу доғарды да: – Әй, мына түріңмен қайда барасың? Онда кісі отыр, – деді әжем. Өзі қызық кісі, кім отырғанын мен білмейді деп ойлай ма екен. – Кісі болса қайтушы едім! Даусым қатты шығып кетті. Мейлі, естісе, ести берсін. Есікті жұлқып ашып, кіріп келдім. Қаратай мен мамам терезе алдындағы столда, әдеттегіше, бетпе-бет әңгімелесіп отыр. Екеуі бірдей маған қарады. Қаратайдың жүзінде менің келуімді жаратпаған абыржу бар. Ал мамамның тіксініп шытына қараған қабағынан мына тасыр жүрісімнің оған да ұнамағанын бірден аңғардым. Осы бойда бұрыштағы шкафыма қарай өтіп бара жатыр едім, Қаратай күлімсіреген дауыспен: – Әй, Қожатай, сәлем қайда? – деді. Жасы үлкен таныс адамға сәлем бермеу – көргенсіздіктің белгісі деп, мамам мені талай баулыған. Сол парызымды амалсыз өтеп: – Саламатсыз ба, – дей салдым. Үлкендердің үстіне бұйымтайсыз, етқызулықпен кіріп келгендіктен, енді амалсыздан бірдеңе істеуім керек болды. Ту сыртымды мамам мен Қаратайға беріп, шкафтың ең төменгі сөресіндегі газет-журналдарды мақсатсыз ақтарып, күйбеңдеп жатырмын. Нені іздеп, нені таба алмай жатқанымды бір құдай өзі біледі. Ал екі құлағым мамам мен Қаратайда.
Бердібек Соқпақбаев
Менің атым - Қожа
Бердібек Соқпақбаев
Менің атым - Қожа
  • 435
  • 101
  • 2
  • 0
Қолжетімсіз
Пікір жазу үшін кіру не тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды