Aidyn Kazhakhmet
Aidyn Kazhakhmetдәйексөз қалдырдыбылтырғы жыл
Әңгіме
— Көктоғайға самолет қашан ұшады? — деген дауыс естілді. Отырғандардың барлығы касса жаққа бұрылды.
— Ауа райы жоқ, — деді касса ішінен әйел дауысы.
Осы сұрақ пен осы жауап үш күннен бері сан рет қайталанды. Жұрттың бұған құлағы үйренгені сонша, сұрақтың орынсыз екенін де елемей, бұрынғыдай сыбыр-сыбыр сөз етуді де қойды.
Кассаға қайта-қайта барып, Көктоғай самолетінің жайын тынбай сұрап жүрген жігіттің жеңіл қол чемоданы менің жанымда тұр. Ол касса алдынан қайтып келіп, терезеге көз тікті. Дала күңгірт еді. Боз боран адам еңсесін басады. Жігіт сол боз перденің ар жағынан әлденені зарыға іздегендей, қар суырған далаға қиыла қарайды. Көзілдіріктің ар жағындағы қос жанардан жас шығып кетер ме екен деп те қаласың. Оның Көктоғайға ұшып кетуге ынтызарлығын айтып жеткізгісіз.
Ал аэродром алаңында фюзеляждарын көк брезентпен тұмшалап тастаған самолеттер аузына ат дорба ілген тұлпарлардай үнсіз тізіліп тұр. Боранға жон арқасын тосып ықтап тұрған сияқты.
Әлгі жігіттің көзілдірікті көзі алыстағыны көре алмайды. Дөңес шыныдан жанары жансызданып, ерекше аларып көрінеді. Мұрны таңқылау, өңі қара бұжыр, сырт көрінісі күйкілеу, көзге қораш еді. Бірақ қазіргі терезе алдында тұрған қалпын көріп: «Осының өзі ақын емес пе екен» деген ой басыма келе қалды.
Кейіннен сөйлесе келсек, ол дәрігер екен, Көктоғай аудандық ауруханасының осында командировкаға келіп, енді қайта ауданға ұша алмай отырғанына бүгін үшінші күн екен.
Күн ашық-жарық болса, Көктоғай самолетке қырық бес-ақ минуттік жол көрінеді. Ал Арқаның ақ бораны ұшы-қиырсыз аспан аясымен жер үстінде ойнақ салғанда, Көктоғайға самолет ұшпайды, машина тіптен баспайды. Ол жаққа қарай темір жол жоқ.
Жол жүргенде күткен жаман. Үйден бір шыққан соң тезірек жүріп кеткін келеді. Ал қыстың зікір салған долы дауылында аэропортта қамалып отырғаннан азапты нәрсе жоқ сияқты. Бұл сезім маған белгілі. Әйтседе, көрші отырған жігітке самолет күту азаптардың азабымен барабар болды.
— Несіне сабырсызданасыз, — дедім мен оның көңілін бір сәтке болса да бөлгім келіп. — Боран да басылар, күн де ашылар, мына тұрған Көктоғайға көзді ашып-жұмғанша жетіп барасыз.
— Мен асығатын себеп бар, туысқан, — деді жігіт скамейкаға отыра беріп. «Ол себепті айтсам түсіне аласың ба?» дегендей бетіме біраз қарап қалды.
Шерхан Мұртаза
Дәрі­гердің үшінші қаруы
Пікір жазу үшін кіру не тіркелу
fb2epub
Файлдарды осы жерге салыңыз, бір әрекетте 5 кітаптан асыруға болмайды