inabathas quoted12 years ago
кеттім – Сұлтан. Ол маған еңкейіп, үңіліп қарады да: – Өй, Қара Көжемісің? Не болды? Неғып дөңгелеп жатырсың? – Ат теуіп жіберді. – Қай ат? – Анау, – деп мен жирен атты нұсқадым. – Қай жеріңді тепті? Сүйегің сау ма сынғаннан? – Сау ғой деймін, – дедім мен аяғымды созып байқап. – Кәне, мен көрейін, – деп, Сұлтан қолындағы жүгенін жерге қоя салды да, менің аяғыма жармасты. – Ойбай ақырын! – деп, шыңғырып жібердім. – Әй, су жүрек неме, жанының тәттісін қарай гөр. Тоқтай тұр. Өлмейсің. Сынған түгіл дәнеңе де етпеген. Тек көк еті ауырып қалған қой. Қазір барысымен дереу сужапырақ тартсаң, ештеңе етпейді, басылып кетеді. Мен жылан шағып алған біреу ме деп қалсам. Бұл сұмпайы жиреннің сырын білмеуші ме едің. Оған неғып ұрынып жүрсің? – Қасынан өтіп бара жатыр едім, теуіп жіберді. – Өй, қара бассын сені, – деп, Сұлтан мені мазақтай бастады. – Қара басқыр-ау, алдыңдағы таудай атты көрмей не қара басты сені. Мен бұл сөзге жауап таба алмағандықтан аяғымның ауырғанымен әлек болғансып, одан бетер ойбайлап, қинала түстім. – Түрегел, бір мүшең қирап қалған немедей шойырылмай, – деп, Сұлтан мені ойбайлағаныма қарамастан сүйрелеп тұрғызды. – Кәне, басып көрші аяғыңды. Тағы да бір атта. Айттым ғой, қирамақ түгіл дәнеңе де болмаған. Ат тепкенге де аяқ сынушы ма еді. Өлмейсің. Жүр кеттік. Шойнаңдамай түзу бас. Сұлтанның жасы менен екі-үш жас үлкен. Әкесі Сүгір жылқы бағады. Өзі осыдан біраз жыл бұрын оқуды тастап кеткен. Содан бері бұрынғының серілері құсап, әкесінің арқасында сәйгүліктен сәйгүлікті таңдап мініп, ылғи жортуылдайды да жүреді. Кейде айлар бойына зым-зия көрінбей кетеді, сонан соң қайтадан пайда болады. Не істеп, не тындырып жүргенін бір құдайым өзі білсін. Сұлтаннан: – Қайдан келдің? – деп сұрап едім. – Жайлаудан келдім, – деді.
  • unavailable
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)