Бірінші тарау
БАСТАУ
Қоянды, жолың қатты, наның тәтті,
Айдаймыз ақсақ қойды, арық атты.
Айдаған осы жолға кедейшілік
Арқаның арқамызға қатты батты
Не қыламыз?
Жазғы түн. Кедей ауылдың ешкі-лағы қорасында бір уыс қана болып ұйысып жатыр. Көкке тойған соң қара тіл болып көк жалаған сиырлар қазыққа байлаулы күйінде ыңқ-ыңқ етеді. Бірлі-жарым шолақ кісенін сылдыратып, ауылдың артындағы өзекте оттайды. Тәжидің көк құнаны да соның ішінде. Ит үрмей, қоңыз ұшпай, түн тып-тыныш бола қалған бір мезгіл еді. Ауылдың көбі-ақ ыстығын ішіп, отын сөндіріп, төсекке кipген. Тек шеткі қараша үйдің қай жағынан қарасаң да оты жылтылдап, әлі жатпағандығын білдіреді. Оты бір басылып, бір жанады. Бұл үйдің сауыны қоңыр сиыр мен төрт ешкінің сүті өзінен аса су қосылып пісірілген. Ол сүттің ішкенінен қалғаны топатай шелекке ұйыта салынған. Көп ұзамай бұл үй де тынышталса керек...
Жатуға ыңғайланып отырып Тәжи былай деді:
—Әркім-әркім қой алып, бағып жатқан көрінеді.
—Ей, балам-ай, бұраудың да сұрауы бар ғой. Есепсіз дүние бар дейсің бе?— деді Тәжидің шешесі Сәт - бала.
—Неге, пайдасы болмаса бекерге біреудің аманатың ала ма?— деді Тәжи.
—Кім-кімдер алған екен?
—Имаш та, Сетік те, Сәрсенқұл да, Қазыбай да жиырмалап-отыздап қой алыпты. Пұшық Иса да бүгін «он сегіз тұяқ алдым» — деп айтып барады.
—Байғұс-ау, өзгенікі өзге, пұшық қайтеді оны? Біреудің малын бақпақ түгіл өзінің аяғын алып жүре алмайтын шу аяқ сорлы. «Қашарыңда қашарсың, лақтарыңда қайтерсің» деп, алмақтың да салмағы бар емес пе...
—Қыс жақсы болса қайтеді?— деп Тәжи езулеп болмады. Шешесі аз отырып:
—Онда сенің де «алсақ» деген ойың бар ма?— деді.
—Taп «алсақ» деп жіп тағып отырғаным жоқ. Тегіндегісін айтқаным ғой... Жанның бәрі алып жатқан соң....
Тәжи отбасын шұқылап біраз отырды. Оның ойға қалғанын сезіп шешесі де жұбап қайырмады. Не мезеттен соң:
—Қайдан білейін, балам, өзің білесің,— деді.
Тәжи бағанадан бергі екі ұшты сөзінің бір сабағын тапқандай болып сөзге кірісті:
—Апа, мен екі ойлы болып отырмын. Бірсыпыралар қой алып бағатын болып тіршілік істеп жатыр. Ал, қыстай біз не қыламыз? Жер шөбі бар. Сатанды биыл біреуге жүргізбей-ақ үйде ұстасақ деп едім. Былтыр Әділханға жүргіземіз деп жегеніміз желкемізден шыққандай болған жоқ па? Не киімге, не тамаққа жарытпай дертті болып кете жаздады. Онан да осы жұрт алып жатқан қойдан біз де алып бағатын болсақ, айына серкештен жалға жүргеннен тиімсіз бола ма, деп көңіліме келеді. Тегі ойласайық дегенім ғой...
Сатан ағасынын бұл сөзін төсекте жатып тыңдады. Оның ойына әлденелер түсті:
«Үйдің іші мені Әділханға былтырғыдай жүргізер ме екен, жоқ өзге біреуге берер ме екен? Егер жүргізетін болса енді кешіктірмес, кімге жүргізсе де, бірақ, Әділханға бармасам екен. Ай, Әділханның үйі-ай! Татты-ау таңдайға... Біздің үй мына қойды алатын болса, онда менің өзге біреуге жүрмегенім ғой... үйде боламын да. Үйде болсам жақсы болар еді. Егер бұл қойды алмаса, онда Сатан бұл үйде отыра алар ма екен? Қысқа қарсы біреуге ақыр жалдайды ғой... Онсыз біздің үйд