Білем, сен әлі де көнгің келмейді. Құдай саған килігуді берген де, илігуді жазбаған. Адалын айтасың, арбауды білмейсің. Заманыңның түлкі екенін сен менен де артық түсінесің. Түсіне тұра ілерлік тазылық қалпың жоқ, не алдына құрар қақпаның жоқ. Ертең менен қалар фани жалған арғы күні сенен де қалады. Бай болып өт, кедей болып өт, бәрібір екеуіне де бұйыратын бір жарым кез көр ғана. Бірақ, тірлігіңді ит қорлықпен сазайынды тартып өтпеске, тірлік күйбеңің мен амалың қатар жүрсе керек етті. Ана екі баладан қорықпаймын. Олар көптің бірі болып, алда да емес, артта да емес, көштің тап ортасында өмір сүретін жандар. Олардың дүние жинауынан қорықпаймын, дүние қоңыздығынан қорқам. Ата балаға сыншы, ертең саған да қайырымы жоқ, рақымсыз бола ма деп қорқам. Өзіңді аямасаң да, мына Ыбанды ая. Тым құрымаса осы жетімсіреп, осы жыламсырамасын. Өз жөнін өзі тауып кететін дені де cay емес, – деп қасында, ірге жағында отырған мылқау баланың шашынан сипады, – Менің ұрпағымнан, Құдайберді ұрпағынан қалар шын азамат осы екеуің ғана. Біріңнің тілің тым ұзын, біріңнің тілің жоқ, – тым қысқа. Ертең екеуден екеу жеке бөлінсең қарманарың да, қарасарың да жоқ мылқау болмағанда нең қалады. Ақылымды аларсың, не алмассың, ата салған жол, сендерге айтып кету Құдай алдындағы парызым. Еліңе, жұртыңа өнеріңді шаштың. Бір мүйіз шықса саған шығатындай болды. Бірақ сол өнерің өзіңе жау боп тиді. Енді жетер. Бос жүрісті қой, өзіңе бір тең тап, сұлуды да, сұңқарды да құштың. Енді Ыбаныңның да жайын ойла. Бұл да ертең-ақ, ер жетеді. Ата даңқымен қыз өтеді, мата даңқымен бөз өтеді. Сенің Ақан атың,байлығыңмен қатар жүрмесе, мылқау бала үйсіз, күйсіз жетімсірер. Кім мылқауды мүсіркейді, кім мылқауды түсінеді.Дүниеге қор боп келген бала, дүниеден қор боп өтпесін. Сен де шаруаға қыбың жоқ, тойтиып, тақыр жерге отырып қалма. Ана менен қалар дүниені ұста, дүкенде өзің тұрмасаң кісі жалда, үйретсең бәрі төселеді. Тілі болмаса да Ыбанның қолынан да келеді.