Mariyash Zhusuphas quoted7 years ago
ҮШ КҮН

(әңгіме)

I

Оған енді көп заман болды...

Көлбайдың бір ерекше кейіп отырған күні еді. Үш қанат қара лашығының ішінде су тезекті қоздандыра алмай, өңеші қызарғанша үрлеп отыр. Кешегі нөсерден кейін құрғақ отын тұратын Көлбай үйі ме? Әл-дәрменін жиып, от басына шөгіп ап, тағы-тағы үрлейді. Ащы түтін қолқасын атып, көзінен жас ағызады. Бірақ тұтанбайды. Түтіні құрғыр шаңырақтан шықпайды. Кішкене үйдің ішін бықсып, шалқып, мор болып, басып алды. Өзі барып шапқан тобылғысын жеткізіп алайын дегелі әлденеше күн болса да, бай үйі көлік берді ме?

— Әй, итшілеген қу дүние-ай! — деп, кішкене қол көрігін босағаға лақтырып тастап, қалаулы тұрған тезектің бірнеше томарын алып, қолымен үге бастады... Басы, көзі, қойны-қоншын ораған сасық көк түтіннен бетін бұрып босағаға қарады...

— Мына пәлесі тағы жатыр ма еді жаратқан? — деп одан да көзі тайқыды. Тесігі үңірейіп, бір жарты қазан жатыр. — "Түске шейін жамап болып, өзі алып келсін!" — деген бұйрықпен байдың үйі жіберіпті, бүгін құлқын сәріден.

— Алты ай жаздай қара күреш табыс таптырмады! Құдайдың құтты күні не өзі, не жақынының ісін жібереді де отырады. Бай үйінен келген іс болса, ол ақысыз іс деген сөз. Себеп? Себебін несіне сұрайсың? Оған бай да, Көлбай да жауап бере алмайды. Тегі қоңсылық шығар.

— Жаным-ау, бұ не деген боқташық? Бүгін қазан, кеше табаны сынған тоқсан жылғы қара үзенгі, оның алдында ала жаздай майды аяп, қарамайламай жүріп, білігін жандырған ағаш арба... Оның ар жағында қырық жыл бұрын қара бәйбішемен бірге келген, топсасы кеткен, көмейі бұзылған кәрі абдыра... Не деген таусылмайтын жыртық тесік? Бірде бірі не жамау, жасқау болатын ескі-құсқы темір, көр-жер, немесе аспап-сайман берсе екен-ау, тым құрса... Ақы тұрсын, отырады да өзі шабады.

Алары не? Көші-қонда көлік береді. Оның аты — бай, аузында семіз сөз:

— Далаға қаңғытып, жалғыз лашықпен тастамай, алты ай жаз өзіммен ілестіріп алып жүрдім, асырап шықтым, — дейді.
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)