Ерлан Мырзаhas quoted7 years ago
көңіліне қарамаған. Қаһарынан бүкіл әлем тітіреген Батуға еш қыз баласы қарсы келмеген.
Осындай жағдайда ол қырық жетіге жеткен. Міне, сонда барып бір ғажайып оқиға болды. Бату дегеніне көнбеген Хорваттағы бір шаһарды шауып қайтып келе жатқан-ды. Жол қалың ағаштың арасынан өтетін. Жанында үзеңгілес серіктері, ноян - батырлары, соңынан шұбырған нөкер, жауынгерлері... Бату кенет қалың ағаш арасында саңырауқұлақ теріп жүрген бір жас қызды көрген. Су перісі тәрізді, ұзын қызғылт алтын сары шашты. Қорқыныш - ұялаған үрейлі көздері көкпеңбек аспандай. Дене бітісі де өзгеше. Тәңірдің өзі адамзатты қызықтыру үшін аппақ мәрмәр тасынан мүшелерін әдейілеп құйғандай. Белі де үзілгелі тұрғандай жіп-жіңішке.
Бату хан бұрын да шапқан елінің талай сұлуларын көрген, бірақ мұндай қыз періштесі бұрын-сонды көзіне түскен емес.
Тіршілікте толқуды, қорқуды әдет етпеген Бату ханның тас жүрегі кенет дір еткен.
Бал араларын ұстаған ормандағы жалғыз үйлі кемпір-шалдың көздерінің қарашығындай сақтаған осы жалғыз қызын ол ордасына алып келген.
Әке-шешесін тірі қалдырғанын Бату қыздарының төлеуі санаған.
Адам баласын қадірлеуді білмеген Алтын Орда ханы осы қызды жанындай жақсы көрді. Ал адам баласын ардақтап өскен хорват қызы, бүкіл Алтын Орда қожасы Бату ханды ұнатпады, сүймеді. Бостандығынан айырғаны үшін жек көрді. Зорлығымен дегеніне көндіргені үшін оған кектене қарады. Талай рет қашпақшы да болды, у да ішуге барды. Бірақ күндіз-түні аңдыған төлеңгіт, дәйекші, арнаулы сахи - қатындар3еш мүмкіндік бермеді. Ақырында, тоғыз ай, тоғыз күн толғанда, ол осы Барақты тапты. Барақ шыр етіп жерге түскен сәттен - ақ хорват қызы енді өмір сүргісі келді. Өлгісі келмеді. Жат ел Ордасындағы жалғыз ұлы үшін өлгісі келмеді. Өлмеймін деп жанталасты. Бірақ жазмыш деген қырсық оның дегенін қабылдамады. Жолдасы түспей, әйел бір күн қиналып жатып, дүние салды.
Артынан барып Бату әйелін бала таппаған күншіл тоқалының біреуі өлтірткенін білді. Қиналып жатқан әйелге шақырылған бәлгер қатын ханның тоқалы берген алтын ділдәлар мен көйлектік жібек матаға қызыққан, баланың жолдасын түсіру үшін жас босанған бейшараның кеудесінен төмен қарай сипай - сылаудың орнына, алқым жағын ысқылаған. Бала жолдасы жоғары көтеріліп, сорлыға дем алғыздырмай, жүрегі қабынып өлген.
Бұның бәрін Бату соңынан білді. Бірақ сонау өлердей ұнатқан хорват қызын өлімнен сақтай алмай қалғанына жылардай боп өкінді. Бір үлкен ұрыста ұтылғандай жапа шекті. Демек, бұ да қанды балақ Шыңғыс ханның немересі емес пе, бір қатын үшін қашанғы сілімтігі шығып «ах!» ұра береді, тез-ақ ала бөтен тымырсық сары уайымнан айырылды. Жазмыш деген бір бәтуасыз дүние, ала бұлтты аспан тәрізді, басына қай тұсынан күн жарығының, не бұлт көлеңкесінің түсетінін білмейсің. Ал Барақ болса тым жас. Кімнің кесапаты, кімнің шарапаты тиетінін білу қиын. Жақсы көрген әйелінен айрылған Бату одан туған баладан да айрылып қалмайын деген ойға келді. Қатынына істелген қастық, баласына істелмесіне кім кепіл? Сондықтан да жас нәрестенің сыртынан қырағы көзін сала жүрген. Сөйлей бастағаннан-ақ кейде алдына алып отыратын да болған. Сол сәтте жүзінде бір болмашы шуақ та жылт ете қалатын. Бұдан бұрын жорықтан, күрес - таластан, ел басқару әрекеттерінен өзге ұлдарына тіпті көңіл бөлмей келген. Ал жетім қалған кенжесіне кәдімгідей ықыласын аударды. Әйтсе де, осы бір әлжуаз, болымсыз сезімнің өзі де оны Бараққа үйретті, бірте-бірте жақсы көре бастады. Оның үстіне бала да өскен сайын шешесіне ұқсай түсті. Жанарына нұр толған көгілдір көз, сары шашты. Жаралғалы балаларының бетінен сүйіп көрмеген Бату кейде бұның маңдайынан иіскейді. Сол мезетте нәрестенің иісі қолқасын атып, есіне шешесін түсіреді. Ал ашуланса, ренжісе Барақ аумаған шешесі, қайсарлана қалады. Осының бәрі Батуға қайтып оралмас бір өтіп кеткен қуанышты елестеткендей болды. Осы қуаныштың мұрасы тәрізді әйгілі хан жас нәрестені енді шын жүректен жақсы көре бастады. Осы ұлым өсіп, өзімнің тағыма отырса екен деген тәкаппар ханда кенет атасы Шыңғыс ханның өсиетіне қарсы ой да туған. Атасы өзінің әйгілі жасысында: «Менің ұрпақтарым өздері жеңген монғолдардан бөтен жұрттардан алған қатындарынан туған балаларын өз тақтарына мұрагер етпеулері керек. Адам қасиеті ана сүтімен келеді. Мұндай мұрагер әке тағына отырғаннан кейін, ана еліне тартып кетуі мүмкін» деген. Осы ойы ата жасысына қарсы болғанменен, қартайғанның белгісі ме, ауырғанынан бері Батуда ұлғая түскен. Бұл мұратының орындалмауына жасының жетпеуін білгендіктен бе, енді ол ой жанын жегідей жеген арманға айналған.
Сол арманның иесі шегіртке қуып жүрген мынау сары шашты, қызыл мауыты шапанды бес жасар Барақ...
Сол арманына жете алмайтынына көзі жетіп, беймаза ойдан құтыла алмай қапа болып отырған мынау әке...
Бату ханға кенет тағы бір құбыжық ой келді. Шошына қалды. Қып-қызыл шапан киіп ойнап жүрген баласына көз тастады, сөйтті де дәл төбесінде талмай қалықтаған қыранға қарады. Төбе үстіндегі өзі отырған қазан тастан Бату кенет асыға түрегелді. Бірақ үлгермеді...
Көз ұшында шыр айналған дала бүркіт бір мезет кереге қанатын жинап алды да, төмен қарай, құлаған тас тәрізді, құлдилай аға түсті. «Бері кел, бері кел!» деп Бараққа қарай жүгірген әке төрт-бес адым аттады, бірақ үлгірген жоқ, алып қыран төмен қарай шүйілген бойы зулап кеп,
  • Join or log in to comment
    fb2epub
    Drag & drop your files (not more than 5 at once)