Турашыл, ашық Дәукең маған қатты ұнады. Ықыласымды таныса керек, Дәукең машинасының билігін маған берді де, қашан жүріп кеткенімше қасымда болды. Өзіме қажет мағлұматтың денін осы кісіден алдым. Ештеңе жасырған жоқ. Бар шындықты айтты. Тек Ертай мен Нартай туралы әңгімеден ғана тайқақтай берді. Бар болғаны, Берден байғұс өле өлгенше арман қып аһ ұрып кетті, ақсақалға соғыс жұтқан екі баласының күйігінен гөрі кішкентай Ертайдың қазасы қаттырақ батты деді. Қартайған шағында Тілеубай екеуі ағайынды адамдардай қатар көшіп, қатар қонып, бірге жүрді, қазір екі үйден де жан қалған жоқ, түтіндері өшті деді.