Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу, де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау, санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.
— Өзім де солай ойлаймын...
— Онда неге ұрыс аштың?
Кенесарының көзі кенет жарқ етті.
— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме?— Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды,— қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.