Қазақтың өзіне-өзі риза болған мақалдарының қай-қайсысы да сол Мәртөбенің басында туған-ды. Қарға тамырлы қазақ «Ұлы жүзді қолына қауға бер де малға қой, Орта жүзді қолына қамшы бер де дауға қой, Кіші жүзді қолына найза бер де жауға қой», – деп те сонда айтқан-ды. Ел ырысы – малды Ұлы жүзге тапсырса, пейіліне сенгені, ел жыртысы – дауды Орта жүзге тапсырса, білігіне сенгені, ел шырқын бұзар жауды Кіші жүзге тапсырса, ерлігіне сенгені.