Қатындар демекші, аз ауылдың әйелдері сыпсыңдап, бұрқылдасып жүр: әкесін жерлеуге емес, мейман боп келгендей ғой мынау өзі. Көк тиынсыз, екі қолын мұрнына тығып келгені несі құдай-ау! Басқасы-басқа, бір пәшке шай ала келсе қайтеді. Әлгі қаладағы сұрқия әйелін айтсайшы, әйелін. Туған атасы өліп жатқанда, аруағын сыйлап, ататайлап келіп, жылап-сықтап, жоқтаса қайтеді, көргенді келін құсап. Ар- ұяттан ада болған қаланың қаншығы! Шал байғұс әлі шаруасы шайқалмай, екі сауын інген, он-он бес қозылы қой ұстап тұрған кезде қайын атасы жақсы еді. Ол кезде келіні қайта-қайта келіп, ақыры айтқанын істетті: малдың бәрін сатқызып, шалды өз қолына алған болды да, ақшасына мебельді де, машинаны да қолға түсірді. Сол-сол екен, шал отырса – опақ, тұрса – сопақ түкке керегі жоқ болды да қалды. Енді қарасын да көрсетпейді.