Қысқы үйге кіргелі Шоқандардың оқуы құнтты жүрді. Әубәкір молда да, бұрынғыдай ауыл арасының шақыруынан босап, Шоқанға парсы тіліндегі кітаптардан уақиғалы хикаяларды оқытып, білім өрісін кеңейте түсуде. Анадағы әжесі айтқан: «Байлық та, бақыт та тиянақсыз, ең тиянақты қасиет — өнер-білім. Жеті жұрттың тілін білмеген адам — шалағай» деген сөзді өзінің естелік дәптеріне Шоқан жазып қойған-ды. Шоқанның күзден бергі оқуға деген ыждаһатына Әубәкірдің өзі де іштей таңданатын. Ол тек жай оқып қоймайды. Оқыған кітабының уақиғасын бажайлап, түпкі мағынасын білуге ізденеді. Шоқанды аса қызықтырған Жәми ақынның «Ескендірнамасы» болды. Әубәкір өзі оқып, Шоқанға мағынасын түсіндіре, кейбір жерлерін жаздырып отырды.